бейсенбі, 4 шілде, 2024 17:19

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жастарды шынайы өмірге араластыру керек

Жастарды шынайы өмірге араластыру керек
ашық дереккөзі
Жастарды шынайы өмірге араластыру керек

Еліміздің болашағын ойлағанда ең алдымен көз алдымызға жастар, олардың қоғамдағы орны келеді. Өйткені жастар қоғамдағы жай ғана адамдар санатының белгілі бір тобы ғана емес, олар жас қуаттың, еңбек көзінің, жаңа идеялар мен тың бастамалардың ұйытқысы және халықтың ең белсенді тобы. Сондықтан да жастар мәселесі – ол елдің болашағы туралы мәселе.

Осы тұста жастарды мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси өміріне белсене араластыру, олармен әлеуметтік жұмыстар жүргізудің маңыздылығына көңіл бөлу қажеттігі туындайды. Өркениет үдерісінде болашағының жарқын, өрісінің кемел болғанын қалайтын әрбір зайырлы мемлекет жеткіншек ұрпақтың тәлімі мен тәрбиесіне, олардың толыққанды азамат болып өсуіне жіті көңіл бөліп, мол мүмкіндіктер жасауға тырысады. Тәрбие процесі қоғамның негізгі қызметтерінің бірі екені даусыз. Бұл жерде тәрбиелеу міндетін нақты бір ғана әлеуметтік институт атқара алмайтынын түсінуіміз керек. Бұл процеске отбасы, білім беру және мәдениет мекемелері, билік құрылымдары, бұқаралық және ақпараттық құралдар сынды субъектілер атсалысады. Жеткіншек ұрпаққа дұрыс тәрбие берудің негізгі кепілі осы аталған ұйымдардың бірлесе жүйелі қызмет атқаруы. Көп жағдайда ата-аналар отбасын материалдық жағынан қамтамасыз ету мақсатындағы жұмысбастылықты алға тартып, бала тәрбиесіне білім беру мекемелері жауапты деп санаса, өз кезегінде білім беру мекемелері керісінше бала тәрбиесінің негізі отбасында қалануы тиіс деп санайды. Нәтижесінде жеткіншектер мен жастар тәрбиесі мәселесіндегі бос кеңістікті ғаламтор жүйесі мен әлеуметтік желілер толтыруда. Қазіргі жастардың басым бөлігінің қоғам өміріне араласуы ғаламтор желісі арқылы жүзеге асады. Жас балалардың көпшілігі қолына кітаптан бұрын түрлі гаджеттерді ұстап, өмірді тани бастайды. Жастар кез келген ақпаратпен электронды форматта жұмыс істегенді қалайды. Күнделіктегі тұрмыстағы ауызекі қарым-қатынастың орнын әлеуметтік желілердегі виртуальды қарым-қатынастар алмастыруда. Өскелең ұрпақ қоғамдағы кез келген ақпаратты, оның дұрыс-бұрыстығына қарамастан, қабылдауға бейім тұрады. Еліміздің өзге әлеуметтік топтарына қарағанда жастар жат ағымдардың ықпалына тез түседі. Жаһандану үрдісінің ықпалымен бұрынғы адамгершілік бағдарлардан қол үзіп қалу, жастарға дұрыс моральдық-адамгершілік қағидалар мен дұрыс өмірлік ұстанымды таңдау ісінде қиындықтар тудыруда. Өкінішке қарай білім беру жүйесінің өзі де өсіп келе жатқан жеткіншектердің бойында компьютер, ғаламтор – барлық мәселелердің шешімін табуға көмектесетін құрал деген жалған сенімді қалыптастыруға себепші болып отыр. Мектеп оқулықтарында қазір «ғаламтордан қараңыз» деген тапсырмалар жиі кездеседі. Ал студенттерге презентация дайындаңыз деген сияқты тапсырмаларды беру арқылы оларды ғаламторға жүгінуге итермелейміз. «Мына автордың кітабын оқып, қарап шығыңыз», деген тапсырмалар өткен ғасырдың жаңғырығы сияқты естіледі. «Instagram», «Facebook», «В контакте» сияқты әлеуметтік желілерде үздіксіз, тез ақпарат алмасу кең мүмкіндіктерге жол ашатын сияқты. Ал шын мәнінде ол білім алудың, танымның басқа жолдарын тежейтін дәрменсіздік екенін түйсінбейміз. Нәтижесінде қазіргі заманның балалары мен жастары кез келген ақпаратты атүсті қабылдайды. Бүгін оқығанын ертең ұмытып қалады. Бір мезгілде бірнеше ақпаратты оқу жастардың дүниетанымына теріс әсер етуде. Олар әлемді біртұтас жүйе ретінде емес, үзік-үзік, бір-бірімен байланысы жоқ оқиғалар тізбегі ретінде қабылдайды. Жастардың бойында «психологиялық эмпатия» қасиеті төмен дамыған. Яғни қоғамда болып жатқан әр қазақстандыққа тарихи мәні және тағдырлы мағынасы бар оқиғаларға өз ойын, нақты пікірін білдіріп, өмірлік ұстанымын көрсете білу қажет. Өкінішке қарай, кейбір жастарымыз әлі де қазақстандық қоғамда болып жатқан көптеген құбылыстарға немқұрайлылық білдіріп, «ол менсіз де өтеді» деген ұстаныммен өмір сүреді. Бұл олардың саяси сауаттылығы мен әлеуметтік белсенділігі төмен екенін көрсетеді. Қазіргі жастар үшін бетпе-бет шынайы қарым-қатынас қызық емес. Олар өздері үшін түрлі электрондық құрылғылармен жасалған байланысты тиімді санайды. Виртуальды жүйе неғұрлым нақты әлеуметтік шынайы байланыстардың орнын ығыстырған сайын, әлеуметтік желілердегі ешқандай дәлелі мен дерегі жоқ жалған ақпараттар жастарымыздың санасын улай түсуде. Желідегі достарын таңқалдыру мақсатында жастар түрлі шектен шыққан, тіпті кейде қылмыстық іс-әрекетке де барып, түрлі акцияларға, топтасып жиналуға үндеп, оны өздерін ерекше етіп көрсету үшін ғаламторға жүктеп жатады. Осылайша олар құқық қорғау мекемелерінің назарына қалай іліккенін байқамай қалады. Жай күнделікті бетпе-бет қарым-қатынас жасағанда оң мен солын ажырата алмайтын жеткіншектер ғаламтордағы алаяқтардың, атын бүркемелеген экстремистік сипаттағы топтардың жеңіл олжасына айналуда. Қазіргі әлемдегі дінмен байланысты ахуал тұрақсыз болып тұрған кезеңде неге болса да сергек қараған абзал. Ғаламтор жүйесі мейлінше дамыған заманда діндер бойынша да сан түрлі мағлұмат алуға болады. Оның бірақ дұрысы да, бұрысы да жетіп артылады. Шешендік қабілеті жоғары, харизмалық ерекшелігі бар жалған діни ілімдердің көшбасшылары адамдардың санасына әсер ететін психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оларды өз қатарына тартып отыр. Жастардың діни көзқарастарының дұрыс бағытта қалыптасқаны, радикалды діни идеялардан мүлдем аулақ болғаны қажет. Бұл бағытта біздің университет тарапынан бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Студент жастардың діни сауаттылығын қалыптастыру мақсатында оқу процесіне «Дінтану» пәні енгізілген. Облыстық дін істері басқармасының мамандарымен бірлесе танымдық-ағартушылық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Университетімізде ғаламтор әлеміндегі жастарды еліміздің қоғамдық өміріндегі саяси, мәдени және әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуде пайдалы құрал ретінде пайдалануға бейімдеу мақсатында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әрекеттерді интернетте жүзеге асыратын «Kiber saqshy» атты виртуалды ортада қылмыспен күресетін жастар қоғамдық бірлестігі құрылғанын да атап өткен жөн. Жастардың ғаламторға тәуелділігін жою, оларды шынайы өмірге араластыру үшін олармен көбірек қарым-қатынас жасап, қоғамдық пайдалы еңбекке, қызығушылығы бойынша мәдени, спорттық іс-шараларға тарту керек. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жастарды мемлекет басқару ісіне араластыру үшін жастар арасынан Президенттік жастар кадрлық резервін құру керектігі жайлы орынды бастама көтерді. Бұл бастама жастардың өздері өмір сүріп отырған қоғам мен мемлекетке жанашырлық пен қамқорлықпен қарауына жол ашады деп сенемін.

Махметғали САРЫБЕКОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар