жұма, 22 қараша, 2024 20:09

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жатақханалардың жағдайы өте нашар

Жатақханалардың жағдайы өте нашар
ашық дереккөзі
Жатақханалардың жағдайы өте нашар

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасында» жоғары білім сапасын арттыруға нақты тапсырмалар берілгені белгілі. Оның бірі – студенттерді жатақханамен қамту мәселесі.

Бұл бағытта бүгінде ауқымды жұмыстар басталғанымен арнаулы орта білім беретін оқу орындары жатақханасының жағдайы мәз болмай тұр. Бұған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері жуырда көз жеткізіп қайтты. Былтыр жүргізілген мониторинг барысында айтылған сын-ескертпелерден шыққан сабақты саралай барған «жасотандықтар» колледждерде кемшіліктер сол «баяғы жартас» күйі тұрғанын анықтады.

Атап айтсақ Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің жатақханасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Жаңарту жұмыстары соңғы рет 10 жыл бұрын жүргізілген. Былтырғы сын-ескертпелер сол қалпында. 40 жылға жуық студенттердің үйі болған ғимаратқа жаңарту жұмыстары ауадай қажет. Бір аптаға созылған мониторинг аудандардағы жатақханаларға да жүргізілді. Алғаш болып «жасотандықтар» барған мекеме Жамбыл ауданындағы №17 Жамбыл колледжінің жатақханасы болды. Мұнда да былтырғы зерделеу жұмыстарының сын-ескертпелері орындалмаған. Қазір студенттер дәстүрлі оқу форматында білім алып жатқандықтан олар жатақханада өлместің күнін кешуде. Бөлмелердің есігі мүлдем құлыптанбайды. Ал білім ордасы ескі ғимаратты сырлап-әктеп әзер ұстап отыр. Аталған колледжде жуынатын арнайы орын жоқ. Сол себепті жастар сенбі-жексенбі күндері үйлеріне жіберіледі. Талас ауданында орналасқан 4 колледжді зерделеу барысында №2 Қаратау колледжінің жатақханасында 36 студенттің мекен еткені анықталды. Оның 26-сы ұл, 10-ы қыз бала. 1977 жылы салынған жатақхананы күрделі жөндеуден өткізу қажет. Ғимарат ескіріп, терезелері сынған. Есіктері құлыптанбайды және тозығы жеткен. Ғимараттың сыртында «Жатақхана» деген атауы да жоқ. Ал ең сорақысы былтырғы мониторинг нәтижесінде республикадағы ең нашар 10 колледж тізіміне осы жатақхана енген. Қалған 3 колледждің жатақ­ханасының жағдайы орташа. Алайда ХХ ғасырда негізі қаланған студенттер үйі бүгінгі таңға дейін күрделі жөндеу көрмеген. Жуалы ауданында орналасқан №16 Жуалы колледжінің жатақханасы да күрделі жөндеуді қажет етеді. 32 орынға арналған жатақханада карантин талаптарына сәйкес 20 студент жатыр. Алайда сұраныс өте жоғары. Биылғы оқу жылының өзінде 50 студент өтінім берген. «Jas Otan» жастар қанаты аталған кемшіліктерді тізіп, оны облыс әкімдігі білім басқармасына жолдады.

 

Саян ТІЛЕУЖАН

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар