1 сәуірден бастап Қазақстанда мұғалімдерді жұмысқа қабылдау жүйесі өзгереді
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлап отыр
1 сәуірден бастап Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық білім беру деректер қорында педагогтерді мектепке жұмысқа қабылдау бойынша жаңа модулді іске қосады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, бұл шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы және конкурстық рәсімдерді ашық өткізуге бағытталған.
Дереккөзге сүйенсек, педагогтерді аттестаттауда құжаттарды тапсыру бойынша да автоматтандыру еніп жатыр. Енді педагогтердің барлық мәліметтері «Педагог портфолиосы» модулінде жинақталады. Мұнда педагог туралы, оның білімі, денсаулық жағдайы, жұмыс тәжірибесі, құқық бұзушылықтар, аттестаттаудан өту, марапаттары және тәлімгерлік пен цифрлық құжаттар туралы электрондық ақпарат сақталады.
Еске сала кетейік, бұған дейін аталған модуль Шымкент қаласында және Қарағанды облысының Шахтинск қаласында сынақтан өтті. Сондай-ақ жұмыс іздеу және қажетті персоналды таңдау бойынша еліміздің басқа өңірлерінде де ашықтық жағдай жасау үшін ҰБДҚ-ның «Электрондық еңбек биржасы» платформасымен өзара интеграциясы жоспарланған.