дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 11:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Сабақ уақытын 30 минутқа дейін қысқартпағанына шүкір!»: Аймағанбетов шенеуніктерге шүйлікті

«Сабақ уақытын 30 минутқа дейін қысқартпағанына шүкір!»: Аймағанбетов шенеуніктерге шүйлікті
фото - ашық дереккөзден
Депутат мұндай шешім қабылдау үшін ғылыми негіз керек екенін айтты

Павлодар қаласы Білім басқармасы қаладағы бірнеше мектепте сабақ ұзақтығын қысқартқан. Бұрынғы Білім және ғылым министрі аталған жайға пікір білдірді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ата-аналар мен оқушылардың өтініші негізінде Павлодар қаласының 7 мектебінде 2 және 4 сабақтан кейін сабақтарды 40 минутқа дейін қысқарту және 15 минуттық үзіліс ұйымдастыру туралы шешім қабылданған. Мұны білім басқармасы растап отыр. Осыған байланысты мәжіліс депутаты Асхат Аймағанбетов пікір білдірді. 

-    Павлодар облысының басшылары сабақтарды 30 минутқа дейін қысқартуды ойлап таппағанына шүкір! Бұндай логикамен, енді жаңа мектептер салмай-ақ, төрт ауысымға көшіп, миллиардтаған қаражатты үнемдеуге болар еді. Шынын айтқанда, Павлодарда сабақтарды қысқарту көптеген сұрақтар туғызады. Аймақтарда сабақтың ұзақтығын өздері шешіп, әкімдікке ыңғайлы кез келген жағдайда онлайн оқуға көшетін болса, оқу процесі мүлдем хаосқа айналады, – дейді мәжіліс депутаты.

Білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың 71-тармағына сәйкес жалпы білім беретін ұйымдағы сабақтың ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Мәжілісмен бұған ғылымға негізделген шешім керек екенін айтты. 

-    Бағдарламалардың мазмұны, білім мақсаттары өзгермей қалай сабақты қысқартуға болады? Бұл білім сапасына және барлық оқушыларға сапалы білім алу үшін тең жағдай жасауға үлкен проблемалар тудыратыны анық. Қызық парадокс: бір жағынан, ел бойынша бірыңғай уақыт белдеуі енгізіліп жатыр, ал екінші жағынан — әр облыс сабақтың ұзақтығын өзі шешеді. Бірізділік қайда? Ғылымға негізделген шешім қайда? – дейді Асхат Аймағамбетов.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар