Білім

Аймағамбетов доцент пен ғалымдардың жалақысына қанша теңге үстемақы қосылатынын айтты

Сенат пен мәжіліс депутаттары әзірлеген заң жобасы ғалымдар үшін әлеуметтік кепілдіктерді кеңейтеді

Қазақстандық ғалымдарға ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша үстемеақы төленіп, бір жылға дейін мерзімге шығармашылық демалыс беріледі. Тиісті заңды парламент мәжілісі қабылдады, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 

Мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылады. Заң жобасын парламент депутаттары әзірлеген. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, заңда ғалымдар үшін жаңа үстемеақы енгізу туралы норма бар. 


Мысалы PhD докторы, ғылым кандидаты қазір ай сайынғы жалақысына  ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңге үстемақы алса, заң қабылданғаннан кейін қосымша доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың үстемақы, яғни айлығына қосымша ай сайын жалпы 92 мың теңге үстемеақы алып отырады. 

Ал егер ол ғылым докторы болса және қазіргі уақытта ол 125 мың  теңге үстемеақы алса, енді қосымша профессор атағы үшін тағы да 60 мың  теңге, сонда жалпы алғанда  жалақысының үстіне 185 мың теңге қосымша ақы алады. Депутаттар мұны өте жақсы қолдау деп санайды. 


Оның айтуынша, шығармашылық демалыс ғалымдарға ғылыми, ғылыми-педагогикалық жұмыстарымен айналысуға, монография немесе ғылыми мақалаларын шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заң жобасында әкімдіктерге ғылымды қаржыландыру құқығын беру нормасы көзделген. Яғни жергілікті атқарушы органдардың ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы құзыреттері кеңейтіледі. 


Бұдан бөлек заң жобасына "ғылыми этика" ұғымы енгізіліп отыр.