Қазақстан әлемнің үздік 500 университетінің қатарына кірді
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Қазақстан жоғары білім беру саласында тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Times Higher Education World University Rankings 2026 нәтижелері бойынша еліміздің бес жоғары оқу орны жаһандық рейтингке енді.
Ең басты жетістік – Назарбаев университетінің 401-500 диапазонына кіруі, бұл – қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтер тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз позициясын 1201–1500 диапазонында сақтап қалды. Тізімге Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University және Қазақ аграрлық зерттеу университеті де енді.
2025 жылғы нәтижелер Қазақстанның Орталық Азия мен Кавказ өңірінде білім беру сапасы бойынша көшбасшы елге айналғанын көрсетті. Аталған аймақтан рейтингке енген университеттер саны бойынша Қазақстан алдыңғы орында тұр.
Times Higher Education сарапшыларының пікірінше, Орталық Азия мен Кавказ соңғы жылдары «жаңа академиялық тартылыс орталығына» айналып келеді. Егер 2020 жылы рейтингке өңірден небәрі үш университет енсе, биыл олардың саны 17-ге жеткен.
Times Higher Education World University Rankings — зерттеу университеттерін бағалайтын әлемдегі ең беделді және ауқымды рейтингтердің бірі. Бағалау 18 көрсеткіш бойынша жүргізіледі, олар бес негізгі бағытты қамтиды:
Оқыту (Teaching) – білім беру сапасы мен академиялық бедел;
Зерттеу ортасы (Research Environment) – табыс, өнімділік және зерттеу беделі;
Зерттеу сапасы (Research Quality) – дәйексөз келтірілуі, зерттеу күші мен ықпалы;
Халықаралық бағдар (International Outlook) – шетелдік студенттер, қызметкерлер және жарияланымдар үлесі;
Индустриямен байланыс (Industry) – өнеркәсіппен өзара әрекет және патенттік белсенділік.
2026 жылғы рейтингті дайындау кезінде 19 миллион ғылыми жарияланым, 1,5 миллион сарапшының пікірі және 3 мыңнан астам университеттің ресми деректері талданған.