Биыл елімізде 47 мың оқушыға арналған 90 мектеп салынады
Жалпы соңғы үш жылда 746 мың оқушы орнына арналған 584 мектеп пайдалануға берілген.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Биыл елімізде 47 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жаңа оқушы орындарын пайдалануға беру Арнайы мемлекеттік қор қаражаты, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет қаражаты және жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.
Жаңа мектептердің басым бөлігі Астана және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында салынып жатыр.
- Сонымен қатар білім беру ұйымдарын заманауи жабдықтармен қамту жұмысы да жалғасуда. Қосымша химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пәндік кабинет сатып алынып, орнатылуда. Соңғы үш жыл ішінде 4320 пәндік кабинет сатып алынған, - деп жазды министрліктен.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымы форматына көшу мақсатында 2029 жылға дейін 1300 мектепті, оның ішінде ауылдық жерлердегі 900 мектепті реновациялау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 209 мектепте реновация жұмыстары аяқталды. 2026 жылы тағы 98 мектепте жаңғырту жұмыстары жалғасады.
Реновация аясында мектептерді күрделі жөндеу, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, спорт залдарын салу немесе реконструкциялау, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету көзделген.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 236 мыңға жуық оқушы орнына арналған 162 мектептің құрылысы аяқталды. Жалпы соңғы үш жылда 746 мың оқушы орнына арналған 584 мектеп пайдалануға берілген.