ҰБТ-да рекорд орнатқан қос талапкердің таңдауы бір университетке түскен
Биыл тестілеуге 181 мың талапкер қатысқан
Ұлттық бірыңғай тестілеуде 140 балл жинап, соңғы үш жылда болмаған рекордты орнатқан Жаннұр Еңсебек пен Айым Ержанова өз құжаттарын SDU университетіне тапсырып отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы облысы, Талғар ауданы, Қарабұлақ ауылының №22 жалпы білім беретін орта мектебінің түлегі Жаннұр Еңсебек өз таңдауын оқу жылының басында жасап қойған екен. Сондықтан да грант конкурсына өтініш қабылдау кезеңінің алғашқы күнінде-ақ «Алтын белгі» иегері таңдау парағында тек SDU-ды белгілеп, құжаттарын тапсырып кетті.
Дәл осындай үздік нәтижеге қол жеткізген Ақмола облысы Қосшы қаласындағы Р.Қошқарбаев атындағы №1 мектептің түлегі Айым Ержанова да кеше арнайы SDU университетіне келіп, білім ордасының тыныс-тіршілігімен таныса келе өз таңдауын жасады.
Грант конкурсының 4 күндік нәтижесі бойынша 100-ге жуық «Алтын белгі» иегерлері таңдау парағына алғашқы ЖОО ретінде SDU University-ді белгілеген. Бұл көрсеткіш SDU ұсынған білім сапасына деген сенімді білдіреді.
Еске сала кетейік, 2018 жылы 140 балл жинаған Шиара Құдайбергенова SDU-дың түлегі атанған.