IV тоқсан: Оқушылар қалай оқиды?
IV тоқсан: Оқушылар қалай оқиды?
Үшінші тоқсанның соңында айтылған жаңалық оқушылар мен ата-аналарды елең еткізді. Ол оқу жылының соңғы тоқсаны қалғанда екі айды мектепке барып оқуға болады деген жаңалық еді. Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова облыс немесе елді мекен жасыл және сары аймақтарда орналасқан жағдайда, барлық оқушылар төртінші тоқсаннан бастап оқытудың аралас форматына көшетінін, балаларға мектепке бірыңғай емес, еркін формада келуге рұқсат берілетінін мәлімдеді. Дегенмен, жаңалықты ести сала әбігерге түскен ата-аналар бірден мектеп формасын іздеп сабылып кетті. Бұл мәселеге қатысты облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова не дейді? Облыстың бас педагогы оқушылардан мектеп формасын кию талап етілмейді деп кесіп айтты. Аралас формат сақталады Бұдан бөлек ата-аналарды алаңдатқан жайт өңірлердегі эпидахуалдың қайта ушығып бара жатқандығы болды. Қызыл аймақта орналасқан өңірлерде оқыту форматын жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық санитариялық дәрігерлер айқындайтынын айтылды. Ал вирустың таралу көрсеткішіне қарай, сары және жасыл аймақтарда сабақ аралас форматта өтеді. Министрлік өкілі пәндердің бір бөлігі дәстүрлі форматта, бір бөлігі қашықтан ұйымдастырылатынын айтты. Жамбыл облысында осы уақытқа дейін 300 оқушыға дейінгі контингенті бар 229 мектеп оқуын дәстүрлі форматта өтіп келген еді. Өңіріміз жасыл аймақты болғандықтан оқу жылының төртінші тоқсанында оқу үрдісі дәстүрлі және аралас форматта ұйымдастырылмақ. Облыстағы 442 мектепте 238682 оқушы оқиды. Оқу жылының үшінші тоқсанында оқушылардың 51 пайызы дәстүрлі форматта оқыса, 49 пайызы қашықтықтан білім алған. Соңғы тоқсанда барлық мектептерде «Бір сынып-бір кабинет» принципін сақтай отырып, сабақтар аралас форматта ұйымдастырылады. Оқу пәндерінің 70 пайызы дәстүрлі форматта, қалған 30 пайызы қашықтықтан оқытылады. - Сыныпта бала саны 25-тен, ал сабақ уақыты 40 минуттан аспайды. Мектептерде икемді сабақ кестелері жасалып, үзілістер әр сынып үшін әртүрлі уақытта болады. Қосымша білім үшін 15 адамнан аспайтын топтарда бала оқытуға рұқсат, - деді біздің сауалымызға өңірдің бас ұстазы. Ата-аналар не дейді? Ата-аналар төртінші тоқсанның жаңалығын қалай қабылдады? Біраз ата-анамен әңгімелесу барысында олардың көзқарасы әртүрлі екендігін байқадық. Бірі мектепке барып оқыған дұрыс десе, кейбірі әлемдік індет басылмай балаларын үйде оқытқанды жөн көреді. Мәселен, көпбалалы ана Санира Ондыбаева бес баласының үшеуі мектеп жасында екендігін, үшеуіне де мектепте барып оқуына келісім беретіндігін айтты. «Барлық медициналық талаптар сақталса, неге мектепте барып оқымасқа?», - деген уәжін алға тартты. Гүлнар Тілешова болса, балалар онлайн оқыса олардың денсаулығына алаңдамаймын, дегенмен олардың пікірін де ескеремін дейді. Ал біз тілдескен мұғалімдердің дені оқушылардың мектепке келіп оқығаны дұрыс деген пікірде. «Әрине, офлайн оқытқан ыңғайлы. Себебі оқушылар алдымызда отырады. Жаңа сабақты олармен бірге талқылап, өздеріне сұрақ қоя отырып, тақырыпты ашу тиімді. Көрнекіліктерімізді көрсетіп, бетпе-бет оқығанның жөні бөлек», - дейді №45 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Хадиша Дербісәлиева. Онлайн оқу басталғалы оқушылардың оқу үлгерімі төмендеп, оқу сапасы құлдырап кетті деп дабыл қағып жатқандар бар. Бұл олқылықтың орнын офлайн оқудағы соңғы тоқсанда берілген білім көтере ала ма? Бір жылғы онлайн оқудың нәтижесі алдымыздағы ұлттық бірыңғай тестілеуде белгілі болмақ. Нұрдаулет Асан