сенбі, 25 қаңтар, 2025 4:47

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мектеп оқушылары арасында алғашқы республикалық жасанды интеллект бойынша AI Olymp олимпиадасы өтеді

Мектеп оқушылары арасында алғашқы республикалық жасанды интеллект бойынша AI Olymp олимпиадасы өтеді
фото - ашық дереккөзден
Бұл шешім Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыштық даму, Оқу-ағарту министрліктері және Спорттық бағдарламалау федерациясы арасындағы ынтымақатстық жөніндегі меморандум қорытындысы бойынша қабылданды

Елімізде мектеп оқушылары арасында алғашқы республикалық жасанды интеллект бойынша AI Olymp олимпиадасы өтеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

ҚР ЦДИАӨМ мәліметінше, олимпиада жасанды интеллект және оған жақын салаларға (спортивтік бағдарламалау, математика, деректерді талдау) қызығушылық танытатын талантты оқушыларды анықтап, қолдауға, сондай-ақ оқушыларды Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасына дайындауға бағытталған.

 

«Бұл шараны біз болашақ қоғамды құруға деген ұмтылысымызды білдіретін "Generative Nation" бастамасы аясында ұйымдастырып отырмыз. Спорттық бағдарламалау – бұл тек интеллектуалдық жарыс емес, ол ойлау мен табандылық мектебі. Мұнда жас мамандар күрделі тапсырмаларды еңсере отырып, шынайы өмірдің қиындықтарына дайындалады», – деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев.

 

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев атап өткендей, Қазақстан бүгінгі таңда білім беру үдерісіне озық технологияларды батыл енгізіп келеді.

 

«AI Olymp олимпиадасын өткізу – дарынды оқушыларымыздың әлеуетін ашуға және жаңа буын жоғары білікті мамандарды дайындауға стратегиялық қадам», – деді ведомство басшысы.

 

Ал Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусиннің пікірінше, еліміздің спорттық бағдарламалау құрамасына қатысу – тек бедел ғана емес, сонымен қатар жеке және кәсіби өсудің бірегей мүмкіндігі.

 

«Сонымен қатар, бұл IT экожүйесінің бір бөлігі болу, еліміздің болашағын қалыптастыру және әлемдегі үздік университеттер мен компаниялардың есігін ашу мүмкіндігі», – деді Бағдат Мусин.

 

Олимпиада көктемде екі кезеңде өтеді. Елдің түкпір-түкпірінен келген оқушылар бағдарламалау, математика және классикалық машиналық оқыту тапсырмаларын шешетін онлайн іріктеу кезеңіне қатыса алады. Ең үздік 30-40 қатысушы машиналық оқыту алгоритмдері, деректерді талдау және жасанды интеллект концепцияларымен байланысты практикалық тапсырмаларды шешетін финалдық кезеңге шақырылады.

 

Ең жақсы нәтижелер көрсеткен қатысушылар 2025 жылдың 2-9 тамызында Бейжің қаласында өтетін Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында (IOAI) Қазақстан құрамасының құрамын анықтау үшін арнайы дайындықтан өту мүмкіндігіне ие болады.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар