Павлодарлық 13 жастағы программист республикалық олимпиаданың ең жас жеңімпазы
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Павлодарлық 7-сынып оқушысы Имран Кусановтың бастауыш сыныптан-ақ компьютерлік бағдарламалауға, математикалық есептерге қызығушылығы жоғары, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Әсіресе, информатика пәнінен ерекше алғырлық көрсетіп, алгоритмдік есептерді оңай шешеді. Биыл ол республикалық Ауыл олимпиадасында жасының кішілігіне қарамастан, 9 сынып оқушыларымен бірге сынға түсіп, нәтижесінде информатикадан 1-орын иеленді. Оның зеректігі мен есептерді шешудегі алғырлығы, ойлау қабілетінің жүйріктігі қазылар алқасын да таң қалдырып, ол олимпиаданың ең жас қатысушысы атанды. Имранның жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Соян Ертайдың 18 жылдық тәжірибесі бар.
Айта кетерлігі, Имран осы олимпиадаға 5-сыныптан бері үзбей қатысып, жоғары сыныптардың есептерін шешіп келеді. Бұған дейін де ол жеңіс тұғырынан көрініп, 2, 3 орындарды иеленген.