Тоқаев: Білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты
Тоқаев: Білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр жолдауында елдегі білім сапасына тоқталып өтеді. Жолдауының бірінде президент былай деді: "Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз", - деді президент. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. "Жалпы, мектеп салу үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек", - деп атап өтті Тоқаев. Жамбыл облысында оқушылардың білім саласында жетіп жатқан жетістіктері де көңіл көншітерлік. Айталық, облыста 2023-2024 оқу жылында 585 мектепке дейінгі мекемеде 60 мыңға жуық бала тәрбиеленіп, 501 жалпы білім беретін мектепте 246917 оқушы білім алуда. Сондай-ақ, 78 қосымша білім беру ұйымдарында 68620 бала қамтылып, ал 44 техникалық және кәсіптік білім мекемесінде 26164 студент білім алуда. Мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылған 2-6 жастағы балалардың үлесі - 94,2% , 3-6 жастағы балалардың үлесі - 100%. Жыл басынан 2845 орындық 14 жекеменшік балабақша ашылды. Мектепке дейінгі ұйымдарда 6648 педагог жұмыс істейді, оның ішінде 391 меңгеруші, 415 әдіскер, 4458 тәрбиеші, 1384 педагогтар. Мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап еңбекақысы 30 %-ға өсті. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі енгізген «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру» ақпараттық тегін es.iac.kz жүйесіне көшу бағытында жұмыс жүргізілуде. 445 күндізгі мектепте 234 336 оқушы, 49 жеке меншік мектепте 11418 оқушы, 3 кешкі мектепте(Тараз қаласы, Қордай, Шу аудандары) 640 оқушы, 5 арнайы мектепте 523 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылында облыс оқушылары бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы 14-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын жеңіп алды. Республикалық олимпиадада қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша І орынды иеленді. 2022-2023 оқу жылында 12 115 түлек мектеп бітірді. 305 түлек «Алтын белгі» төс белгісін алса, 852 түлек мектепті Үздік аттестатпен аяқтады. ҰБТ-дегі орташа балл 84,4 болды. Өткен жылға қарағанда 1,9 балға жоғары (2022 жылы – 82,5 балл). 2021 жылы өткен PIRLS халықаралық зерттеуінде облыс оқушылары республикада ІІ орынды иеленді. Облыс мектептеріндегі ыстық тамақты ұйымдастыру бойынша: Облыстағы 445 мектептің 412-де (92,5%) асхана бар. 2012 жылдан бастап мектеп асханалары кәсіпкерлерге жалға берілген. Мектеп асханаларын жалға алған кәсіпкерлер саны - 37. 2023 жылы жалпыға бірдей міндетті орта білім қорынан 43360 оқушыны тамақтандыруға 4 млрд. теңге қаржы бөлінген. Тамақтың құны орташа есеппен 500 теңгені құрайды. Ағымдағы жылғы 1 қыркүйектен бастап 1-4 бастауыш сыныпта білім алатын 68 мыңнан астам оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 2,6 млрд.теңге бөлінді. Облыс бойынша 33 мектептің асханасы жоқ (Байзақ -6, Жамбыл-9, Меркі-4, Мойынқұм-1, Сарысу-1, Талас-2, Т.Рысқұлов-5, Шу-4, Тараз-1). Олардың 1-і орта, 1-і негізгі, 31-і бастауыш мектептер. Жаңа оқу жылынан осы оқушыларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамтуға келесі жұмыстар жүргізілді: - Асханасы жоқ 12 мектептің (Байзақ-4, Жамбыл-1, Меркі-4, Мойынқұм-1, Сарысу-1, Т.Рысқұлов-1) бір оқу кабинетінде ыңғайластырылған асхана жасалды; - 3 мектепте (Байзақ-1, Жамбыл-2) жақын орналасқан шағын орталықта ас дайындалып, мектептің 1 оқу кабинетінде ыстық тамақ берілуде; - 18 мектепке жақын орналасқан мектептерден (Байзақ-1, Тараз-1, Жамбыл-6, Талас-2, Т.Рысқұлов-4, Шу-4) ыстық тамақ тасымалданып, жеткізілуде. Бүгінгі күні аталған мектептерде 785 бала тамақтануда. Оқушыларды тасымалдауды ұйымдастыру бойынша: 2023-2024 оқу жылында мектебі жоқ 39 елді мекендерде тұратын мектеп жасындағы 744 бала, тек бастауыш мектептері бар 37 елді мекендерден 1563 бала, тек негізгі мектептері бар 10 елді мекендерден 204 бала және ауыл, қала ішінде 5435 бала, барлығы 7946 бала мектептерге және кері қарай күнделікті тасымалдануда. Мектеп оқушыларын тасымалдайтын 117 автобустың 6-ы (5%) 1993-1999 жылдары, 50-і (46,4%) 2000-2010 жылдары, 51-і (46,4%) 2011-2020 жылдар аралығында шыққан. Автобустардың 30-ы білім бөлімінің, 21-і мектептің, 66-ы кәсіпкерлердің меншігінде. 2023-2024 оқу жылы республикалық бюджет есебінен 842 млн. теңгеге балалар тасымалдау үшін жаңа 14 автобус лизингпен сатып алу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен тиісті келісім-шарттар жасалып, жылдың соңына дейін автобустар Тараз қаласына жеткізіледі деп күтілуде. Адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша назар аударылып келеді. Саладағы инфрақұрылымды жетілдіре түсу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ және «Aitas» компаниясының қолдауымен «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қоры есебенін «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» қайырымдылық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында Жамбыл облысында 2022 жылы 250 млн теңгеге бір мектептің (Сарысу ауданы Б.Адамбаев атындағы орта мектебі) 35 оқу кабинетінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 116 педагог «Назарбаев зияткерлік мектептері» арқылы оқыту курстарынан өтті. 2023 жылы аталған жоба аясында 500 млн теңгеге 2 мектептің (Жуалы ауданы, Алихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейі, Мойынқұм ауданы, Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебі) 53 оқу кабинетінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 161 педагог оқыту курстарынан өтуде. 2024 жылы жоба аясында Жамбыл облысының 8 мектебін қайта жабдықтау жоспарлануда. Сонымен қатар, "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының, "Инженерлік білім беруді дамыту" қорының және "Арман Инжиниринг" ЖШС-нің қолдауымен ауылдық аудандар мен шағын қалалардан келген балаларға бағдарламалауды, робототехниканы, схемотехниканы зерделеуге мүмкіндік жасау және инженерлік дағдыларды қалыптастыратын салаларда қолжетімді сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатында «Болашақ инженерлер-1» жобасы да іске асырылып жатқанын хабарлаймыз. Жоба аясында облыс бойынша 66,3 млн. теңгеге 13 робототехника кабинеті жабдықталды. Сонымен қатар, бағдарламалау және робототехника негіздері бойынша мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетіліп, оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін «Болашақ инженерлер-2» жобасы аясында шағын қалаларда (Қаратау, Жаңатас) 42 млн теңгеге 7 робототехника кабинетін жабдықтау жоспарланып отыр. Апатты, үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешу мақсатында 2023 жылға 25 білім нысандарының құрылысы (17 мектеп (оның ішінде 7 жайлы мектеп), 8 мектептің қосымша құрылысы) жүргізілуде. 2023 жылға 9 мектеп (Жамбыл - 1, Меркі - 2, Т.Рысқұлов - 1, Қордай - 1, Шу - 1, Тараз - 3) және 5 мектептің қосымша құрылысын (Байзақ - 1, Жуалы - 1, Сарысу - 2, Тараз - 1) пайдалануға беру жоспарланды. Оның ішінде 1 мектеп а.ж. 1 қыркүйегінде пайдалануға берілді (Жамбыл ауданының Шоқай ауылындағы 150 орындық мектеп), 2 мектептің құрылысы аяқталып қабылдау жұмыстары жүргізілді (Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында 300 орындық, Тараз қаласының Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқапта 1200 орындық), 1 мектептің құрылысы қараша айында аяқталады деп жоспарлануда (Шу ауданының Төле би ауылында 300 орындық). Нәтижесінде 4 тозығы жеткен және 6 оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі шешіледі. Бүгінгі күні облыс бойынша 4 үш ауысымды, 2 оқушы орны тапшылығы бар және 3 апатты мектеп тіркелген. 2023-2024 жылдары 4 үш ауысымды мектептің 2-еуі қосымша құрылыс есебінен (Меркі ауданындағы №21, №48 мектептер), 2 мектептің мәселесі (Қордай ауданындағы №7, Тараз қаласындағы №3 мектептер) «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептердің құрылысы есебінен шешіледі деп жоспарлануда (Қордай ауданының Қарасу ауылында 300 орындық мектеп, Тараз қаласының 13 мөлтек ауданында 1200 орындық мектеп). Оқушы орны тапшылығы бар №53 орта мектебінің мәселесі 2023 жылы пайдалануға берілетін Тараз қаласының Арай алқабындағы 600 орындық мектептің құрылысы және №55 орта мектебінің мәселесі 2024 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын Тараз қаласының «Шөлдала» алқабындағы 600 орындық мектептің құрылысы есебінен шешіледі. Мойынқұм ауданындағы 2 апатты мектептің (Мойынқұм ауданының Мыңарал ауылындағы К.Қасымов және Қарабөгет ауылындағы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектебі) мәселесін мектеп құрылыстары есебінен шешу жоспарлануда (Мыңарал ауылында 120 орындық, Қарабөгет ауылында 80 орындық). Бүгінгі күні мердігер анықталып, жұмыстар жүргізілуде. Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебінің мәселесі 2023-2024 жылдары спорт зал, асхана, мәжіліс залдың қосымша құрылысы есебінен шешіледі деп жоспарлануда. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Сонымен қатар, 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9500 орындық 12 мектеп салу жоспарлануда (Байзақ ауданы - 1, Жамбыл ауданы - 1, Қордай ауданы - 3, Меркі ауданы - 1, Шу ауданы - 2, Тараз қаласы - 4). Жоспарға сәйкес 2024 жылы 7 мектеп (Байзақ ауданы - 1, Қордай ауданы - 2, Тараз қаласы - 4), 2025 жылы 5 мектеп (Жамбыл ауданы - 1, Қордай ауданы - 1, Меркі ауданы - 1, Шу ауданы - 2) пайдалануға беріледі. 2023 жылға 7 мектептің құрылысына 15,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылға 17 білім нысандарын (Қордай ауданы - 1, Мойынқұм ауданы - 2, Сарысу ауданы - 2, Талас ауданы - 1, Тараз қаласы - 8, басқармаға қарасты мекеме - 3) күрделі жөндеуден өткізуге (15 мектеп, 1 балабақша,1 колледж) 4,4 млрд. теңге қаржы қарастырылып, бүгінгі күні 14 білім нысандарында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 3 білім нысандарының (Тараз қаласындағы №9 балабақша, Мойынқұм ауданының Бірлік ауылындағы Қ.Рысқұлбеков пен Айдарлы ауылындағы №2 орта мектептері) күрделі жөндеу жұмыстары осы жылдың қараша-желтоқсан айларында аяқталады. Облыста 78 (60 мемлекеттік мекеме, 6 жекеменшік, 11 қала сыртындағы лагер мен 1 оқу-сауықтыру орталығы) қосымша білім беру мекемелерінде 68620 оқушы, мектептегі үйірмелерде 110342 оқушы, мәдениет және спорт басқармалары арқылы 13732 бала қосымша біліммен қамтылып, қамту көрсеткіші 81,1%-ды құрап отыр. Анықтама үшін: Облыс бойынша 20 балалар мен жасөспірімдер орталығы (оның 2-і жеке), 15 балалар өнер мектебі (оның 2-і жеке), 10 балалар саз мектебі (оның 2-і жеке), 6 техникалық шығармашылық орталығы, 7 аула клубы (оның 1-і жеке), 2 балалар көркемсурет мектебі, 2 өлкетану және туризм орталығы, 2 экология және натуралистер орталығы және 3 оқушылар сарайы жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін ашу, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін кемінде 100 жаңа ірі объектілер салу жөнінде (Сайлауалды бағдарламаның 85 тармағы) тапсырмасына сәйкес 2 сауықтыру орталығын (Т.Рысқұлов, Қордай -2026 жыл) және 4 қосымша білім беру мекемесінің (2027 ж. – Тараз қ., Т.Рысқұлов ауданынан оқушылар сарайлары және Тараз қ., Қордай ауданынан өнер мектептері) құрылысы жергілікті бюджет есебінен жоспарланып отыр. Қоғамның игілігіне қызмет атқаратын ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ұлттың жаңа сапасын қалыптастырады. Бұл бағытта ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы оқу-тәрбие процесіне енгізілді. Біртұтас тәрбие бағдарламасы - жас ұрпаққа ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беру жолы негізінде «ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ», «АР-ҰЯТ», «ТАЛАП» құндылықтары арқылы жүзеге асырылады. Отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбие мәселелелері осы бағдарлама аясында білім беру ұйымдарындарының тәрбие жұмысы жоспарына және пәндердің оқу бағдарламасы мазмұнына енгізіліп, білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай тәрбиелеу ісі пәндік мазмұн және тәрбиелеу жұмысы арқылы жүзеге асарылады. Аталған бағдарлама аясында бала тәрбиесіндегі отбасы институтының рөлін нығайту мақсатында білім беру ұйымдарында «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары жаңа мазмұнда жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды және ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 31 тамыздағы №748 қаулысымен бекітілген «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» орындау бойынша облыста тиісті жоспар жасалып, орындалуда. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы № 506 бұйрығымен «Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидалары» бекітілген. Аталған бұйрыққа сәйкес барлық білім беру ұйымдарында психологиялық қызмет көрсету топтары құрылған. Кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алу мақсатында облыстың барлық мектептері «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесіне қосылды, аталған ақпараттық жүйенің QR кодтары облыс мектептеріне ілінді. («IT Group Kazakhstan» ЖШС-нің пилоттық жобасы). Ағымдағы жылдың 28 тамызынан бастап «Komek Stop Bullying Jambyl» телеграм каналы жұмыс істейді, онда балалар кімдердің буллинг жасайтынын, ақша бопсалау, қысым көрсету фактілерін жазып көрсете алады, ақпарат беруші туралы мәлімет анонимді болғандықтан, балалар өз ойларын еркін жаза алады. Аталған телеграм каналға облыстық прокуратура, полиция департаменті білім басқармасының, білім бөлімдерінің жауапты мамандары қосылған. Сонымен қатар, мектеп психологтарының жұмысын автоматтандыру және психологиялық көмекті қажет ететін оқушыларға дер кезінде көмек көрсету мақсатында облыс мектептері HR+ психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесіне (АСППМ) қосылды. Бүгінгі күні мектеп психологтарын аталған жүйемен жұмыс істеу тәртібі бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылуда. Облыста білім басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Innovation psychology»(инновейшн сайколеджи) Республикалық қоғамдық қорымен «Бестерек» жобасы аясында 2023 жылдың 31 қазаны мен 20 желтоқсаны аралығында білім беру ұйымдарының педагог-психологтарына және білім бөлімдерінің психолог әдіскерлеріне біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылуда. Осы жоба аясында «Innovation psychology»(инновейшн сайколеджи) Республикалық қоғамдық қорының Тараз қаласындағы филиалы ашылды. 2023-2024 оқу жылында ерекше білім алуды қажет ететін 8200 бала анықталып, өткен жылмен салыстырғанда мүмкіндігі шектеулі бала саны 278 балаға артқан. Оның ішінде, 3329 (40,5%) баланың мүгедектігі бар. 8200 баланың 4249-ы мектеп жасына дейінгі балалар, 3951-і мектеп жасындағы балалар. 8200 мүмкіндігі шектеулі баланың 6370-і (77,6%) біліммен және тәрбиемен қамтылды. Техникалық және кәсіптік колледждерде - 196 мүмкіндігі шектеулі студент кәсіптік білім алуда (2022-2023 о.ж.-201). 2023 жылға ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау мақсатында 1 575 743,0 мың теңге қаржы қарастырылды (2022 жылы – 831 487,8 мың теңге). Облыста ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға білім беру, түзету-оңалту қызметтерін көрсететін 25 арнайы мекеме жұмыс істейді. Инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мемлекеттік білім беру мекемелерінің саны жылдан - жылға артып келеді. Ағымдағы жылда 445 жалпы білім беретін мектептердің 397-де (89,2%), 450 мектепке дейінгі мекемелердің 259-де (57,5%), оның ішінде мемлекеттік 224 балабақшаның 180-де (80,3%) инклюзивті тәрбие беру үшін жағдай жасалған. Сондай-ақ, ай сайын білім басқармасы тарапынан түзету, оңалту қызметтерін атқаратын психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен оңалту орталығынан мәліметтер жинақталып, мониторингтік жұмыстар жүргізіледі. 2022 жылғы 12 айдың қорытындысы бойынша психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде, оңалту және аутизм орталықтарында, ресурстық орталықтар мен инклюзияны қолдау кабинеттерінде – 4612 балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетілсе, 2023 жылда 2463 балаға түзету-оңалту көмегі көрсетілді. Сондай-ақ, 2023-2024 оқу жылында Тараз қаласынан 1 арнайы мектепке дейінгі ұйым, 150 орындық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін, аудандардағы мектепке дейінгі ұйымдардан арнайы топтар ашу жұмыстары қолға алынады. 2023 жылдың соңына дейін Тараз қаласындағы шалғай мөлтекаудандардағы балаларды түзетумен толық қамту және кезектілікті жою мақсатында №3 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу үшін жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімінің қолдауымен психологиялық – медициналық - педагогикалық консультациялар (ары қарай – ПМПК) мен психологиялық - педагогикалық түзету кабинеттерінің (ары қарай – ППТК) материалдық-техникалық базаларын нығайту мақсатында жергілікті демеушілердің қолдауымен 6 ПМПК мекемелері қызметтік көліктермен (құны - 66 млн тг) қамтамасыз етілсе, ПМПК және ППТК мекемелері (құны-95 млн тг) құрал-жабдықтармен қамтылды. Облыстағы 4 арнайы мектеп-интернаттардың материалдық-техникалық базаларын нығайту мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен (жалпы құны - 90,8 млн.теңге) қайырымдылық көмек көрсетілетін болады. Инклюзивті білім беру үшін 2022-2023 оқу жылында оқулықтар мен оқу - әдістемелік кешендерді сатып алуға 18 млн. 076,1 мың теңге бөлінсе, 2023-2024 оқу жылына осы мақсатқа 20 млн. теңге көлемінде тапсырыс әзірленіп, қажетті оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтылды. Жастарға кәсіптік-техникалық білім беру – маңызды мәселе. Облыстағы 44 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 26 164 студент білім алса, 16 284 (62%) мемлекеттік білім тапсырысы аясында білім алуда. Жастарды талап етілетін мамандықтар бойынша, 2023-2024 оқу жылына 6350 орын. 2023 жылдың қаңтар – наурыз айларында 32 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік аттестациялау өткізілді. Нәтижесінде 5 колледж немесе 15,6% алғашқы реттен аттестаттаудан өтті. 27 колледж қайта аттестаттаудан өткізілді. Мемлекеттің ертеңі, өркениеті мен мәдениетінің дамып, әлеуетінің артуына дарынды балалардың ықпалы орасан. 2023-2024 оқу жылындағы облыс оқушыларының жеткен жетістіктері аз емес. Атап айтсақ: Астана қаласында әлеуметтік жобалар бағытында әр өңірдің мектеп оқушылары арасында өткізілген «Solve For Tomorrow»(солф фо томороу) байқауында облыс оқушыларының командасы жүлделі ІІІ орынды иеленіп, 1 млн тг сертификатымен марапатталды. Грузия мемлекетінде EJOI-2023 информатикадан еуропалық жасөспірімдер олимпиадасында облыс оқушысы Серікбай Сұңғат күміс медаль иегері атанды. Республикалық XIV Ұлттық Дельфий ойындарында колледж студенттері жеңімпаз атанып, Бішкек қаласында (Қырғыз Республикасы) өтетін халықаралық сайыста бақтарын сынайтын болады. Республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» атты жас ақындар айтысында Жамбыл ауданы, Айша бибі орта мектебінің 11 сынып оқушысы Айдаралы Алина бас жүлде иеленіп, 200 мың тг қаржылай сыйақы алды. Сондай-ақ, облысымыздың Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Шарел Марғұлан ағымдағы жылдың 5-13 шілде аралығында Жапония мемлекетінің Тиба қаласында өткен Халықаралық математикалық олимпиадада (IMO) қола медаль иеленген болатын. Бұл жетістігі үшін Марғұланға Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы мен Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, дарынды математикті дайындаған педагогке қола үшін - базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшерінде төленді. Ақтөбе қаласында өткен 9-10 сынып оқушыларына арналған жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» атты VІ республикалық интеллектуалдық конкурсында 1 оқушы ІІ орын иеленсе, 2 оқушы ІІІ орынды иеленді. 9-сынып оқушыларына арналған Қ.Сәтбаев атындағы химия пәні бойынша республикалық олимпиадада 2 оқушы ІІІ орын иеленді. Түркістан қаласындағы FARAB кітапханасында «АТАДАН-МҰРА» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен жасөспірімдер арасындағы «ДАРАБОЗ» Республикалық байқауында Парасат колледжінің студенті Астана қаласында өтетін суперфинал байқауына және Түркия мемлекетінде өтетін Халықаралық музыкалық фестиваліне жолдама алды. I Республикалық «Төлеген Айбергенов оқулары» байқауында 3 оқушы ІІ орын, 1 оқушы ІІІ орын иеленді. Республикалық математика пәні мұғалімдерінің «Зерек ұстаз» шығармашылық байқауынан 10 ұстаз жүлделі орындарға ие болды. «Roboland-2023»(роболенд) Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалінде облыс оқушыларының командалары І орынды - 1 команда, ІІ орынды - 2 команда, ІІІ орынды - 4 команда иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ерекше дарын иесі атанып, ілім-білімімен дараланған жастардың жетістігі өңірлік білім саласының жемісі. Биыл бірінші рет ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық пән олимпиадасы өткізілмек. Аталған олимпиада Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 12 қазандағы №307 «2023-2024 оқу жылында жалпы білім беретін Пәндер бойынша республикалық олимпиаданы ұйымдастыру және өткізу туралы» бұйрығына сәйкес өткізілетін болады. Олимпиада – математика, физика, химия, биология, география, информатика пәндері бойынша жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша және қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі пәндерінен қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша, яғни екі бағытта өткізілетін болады. Қазақстан Республикасының ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарындылығы мен қабілеттерін анықтау және қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, олардың одан әрі зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылғалы жатқан олимпиада 3 кезеңде өткізіледі. Бастапқы І кезең – 20 қараша күні өткізілсе, ІІ іріктеу кезеңі – желтоқсан айында, ІІІ Республикалық кезең – ағымдағы оқу жылының қаңтар айында өткізілетін болады. Бастапқы кезеңге ауылдық жерлердегі мектептердің 9-11 сыныптарында оқитын барлық ниет білдіруші оқушылар auyl.daryn.kz сайтында 30 қазаннан 15 қарашаға дейін тіркеледі. Олимпиаданың І кезеңін аудандық білім бөлімдері өткізеді. Бастапқы кезеңді ұйымдастыру және өткізу үшін білім беруді басқару органдары ұйымдастыру комитетін құрады және бекітеді. Кешенді тестілеудің барлық қатысушылары 1 парта - 1 қатысушы - 1 компьютер қағидасын сақтай отырып, тұрақты интернет байланыс желісіне қосылған дербес компьютерлермен жабдықталған орындарда онлайн платформада өтеді. І кезең қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған қатысушылардың жалпы санының 35%-ы олимпиаданың ІІ кезеңіне қатысуға жіберілетін болады. Қорытынды бойынша іріктелген оқушылардың тізімін олимпиаданың ұйымдастыру комитеті бекітеді және комитеттің ресми ресурсында жарияланады. Іріктелген оқушылар бекітілген тізімге сәйкес олимпиаданың ІІ кезеңіне жіберіледі.