Білім

Жаңа оқу жылында 500 мыңнан астам баланың керек-жарағын қамдауға көмек беріледі

Бұл жалпыға міндетті білім беру қоры аясында жүзеге асады

Жалпыға міндетті білім қоры жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға қолдау көрсетіп, оқуға қажет құралдар береді. Аталған көмекпен биыл 500 мыңнан астам бала қамтылмақ, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға материалдық қолдау көрсетіледі. Жаңа оқу жылы қарсаңында төтенше жағдайға тап болған оқушылар қаржылай көмек алады. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, биыл әкімдіктер мектепке 500 мыңнан астам баланы даярлауға тиісті қаражат бөлді.

Сондай-ақ, жалпыға міндетті білім беру қорының қаражатын біркелкі бөлу мәселесі шешілді. Енді әрбір білім алушыға қаржылық қолдаудың ең төменгі мөлшері белгіленді, ол ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауға тиіс. Биыл бұл көрсеткіш 43 407 теңгені құрайды, яғни материалдық көмектің мөлшері осы сомадан төмен болмауы керек.