Жыл басынан бері елімізде 150-ге жуық жаңа білім беру нысаны ашылды
- авторБақытжан Бекболат
- 5 мамыр, 2025
- 174

Елімізде қосымша білім беру салаларында соңғы төрт айда 126 ұйым пайдалануға беріліп, шамамен 8,5 мың жаңа орын ашылды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сонымен қатар, балабақшаға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған кеңес беру пункттерінің саны артты – бүгінде еліміз бойынша олардың саны 4 100-ден асты. Бұл орталықтарда ата-аналарға үй жағдайында баланы тәрбиелеу мен дамыту бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, 267 мың оқушыға арналған 232 жаңа мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында жаңа үлгідегі үш мектеп ашылып үлгерді.
Сондай-ақ 23 мектепте ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Жөндеу жұмыстарына ғимараттарды күрделі жөндеу, инженерлік желілерді ауыстыру және аумақты абаттандыру кіреді. Жалпы 2027 жылға дейін еліміздегі 1 231 мектеп жаңартылады.
Инклюзивті білім беру бағыты бойынша үш арнайы мекеме ашылды, олардың бірі – Ұлытау облысындағы ірі аутизм орталығы. Осылайша, инклюзивті ұйымдардың жалпы саны 504-ке жетті. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 121 қолдау кабинеті жұмыс істей бастады. Қазіргі таңда Қазақстан мектептерінің 90%-ы инклюзивті оқытуға бейімделген.
Еліміздің өңірлері мен ірі қалаларында қосымша білім беретін алты орталық ашылды. Ал маусым айында Ақтөбе және Жетісу облыстарында заманауи балаларды сауықтыру орталықтары іске қосылады.