Денсаулық

103 диспетчері зейнеткерді телефон арқылы аман алып қалды

103 диспетчері зейнеткерді телефон арқылы аман алып қалды

Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем қызметінің Call-орталығына 68 жастағы Тараз қаласы тұрғынының таңғы ас ішіп отырып, тамаққа қақалғандығы туралы шақырту түскен. Ас қалдығы зейнеткердің өңешіне тұрып қалып, бір сәтте  тұншығып көгере бастаған. Туыстары бірден жедел жәрдемге қоңырау шалады.

Жалпы, өңешіндегі кедергінің әсерінен демі жетпей, оның өліп кетуі мүмкін де еді. Жедел жәрдем диспетчері Алтыншаш Ізбасарова телефон арқылы зардап шеккен адамның туыстарына көмек жеткенше не істеу керек екенін айта отырып, науқастың тыныс жолдарының ашылуына көмектескен. Қорыққанына  қарамастан, жақындары реанимациялық шараларды дұрыс жасай білген. Соның арқасында қарияның демі ашылады.  6 минутта жеткен құтқару тобы келісімен, медициналық көмек көрсетіп, қарияны аман алып қалған.

Дәрігерлер келгенде тынысы еркін, жағдайы жақсы болған. Қарап тексеруден кейін қарт кісі ауруханаға барудан бас тартқан. Ал туыстары жедел жәрдем қызметкерлеріне шексіз алғысын білдірді.

«Қарияны құтқаруда туған-туыстарына кеңес беріп жатып, қобалжуға жол бермеуге тырыстым. Өйткені әрбір минут сол сәтте өте маңызды еді. Көмегім сәтті аяқталғанда қатты қуандым. Диспетчер болып жұмыс істегеніме 35 жылдан асты. Әр шақырту адам өмірін құтқаруда  аса маңызды екенін түсінемін. Қызметіміз үлкен жауапкершілікті талап ететінін білемін», - дейді А. Ізбасарова.

Бүгінгі таңда Жамбыл облыстық жедел жәрдем стансасында 44 дәрігер мен 900 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың барлығы  тұрақты түрде реанимация негіздері туралы білімдерін жетілдіріп отырады.

  Кәмшат ҚАДЫР