сенбі, 23 қараша, 2024 10:35

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Аңсаған сәби» – бақыт бастауы

«Аңсаған сәби» – бақыт бастауы
ашық дереккөзі
«Аңсаған сәби» – бақыт бастауы

«Балалы үй – базар» деген. «Адам ұрпағымен мың жасайды». Бірақ, бүгінгі күні әлемде оның ішінде өз елімізде де сәби иісіне зар болып, перзентті бола алмай жүрген отбасылар жетіп артылады.

Мемлекеттің басты байлығы адам десек, бұл жағдай демографиялық ахуалға әсер ететіні айтпай-ақ түсінікті. Президент биылғы Жолдауында келер жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Осы орайда Экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламасымен квотаны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту міндетін алға қойды. Квота кезегін жылдап күткен жұптарға бұл жаңалық қуаныш сыйлағаны анық. 7 мың квота қазіргі кезде тіркеуде тұрған біраз жұптың сәбилі болуына көмектеседі. Бүгінде кейбір статистика бойынша елімізде перзент сүйе алмай жүрген жұптардың саны 6 мыңға жуық десе, бірінде 10 мыңнан асады деп көрсетілген. Яғни, мұндай жұптардың саны әлі нақтыланбаған. – Елімізде бүгінде шаңырақ көтергендердің 15-20 пайызына бедеулік диагнозы қойылған, яғни шамамен әрбір бесінші не алтыншы отбасы перзентке зар болып жүр. Сол үшін ең алдымен нақты статистикаға қол жеткізіп, бедеуліктің нақты санын анықтау керек, – дейді «Неке және жанұя» медициналық орталығының директоры, жоғары дәрежелі дәрігер-андролог Станислав Тарарака. – Бұл жаңалық біз үшін өте жағымды болды. Неге десеңіздер, жыл сайын еліміз бойынша небары 1000 немесе 1500 ғана квота берілетін. Ал, келер жылдан бастап 7000 квота берілмек. Статистикалық есеп бойынша бүгінде Қазақстанда 6000-ға жуық әйел ЭКҰ-ға мұқтаж бедеулік диагнозымен есепте тұр. Бірақ, бұл сан нақты емес. Біз осы бойынша жұмыс істеп, облыс аумағындағы барлық аудандардағы әйелдерді есепке алып жатырмыз. Бұл бағдарлама демографияны көтерудің бірден-бір жолы десек қателеспейміз. Айта кетейік, біз емханадан квота алып келгендердің барлығын қабылдаймыз. Бірақ, олардың арасында денсаулықтары сәйкес келмейтіндері де бар. Оларға жоқ деп айта алмайсың. Алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ерлі-зайыптыларды толық тексеруден өткіземіз. Өйткені, қолдан ұрықтандыру үшін әйел мен ер азаматтың денсаулығының жақсы болуы, иммунитеттерінің жоғары болуы маңызды рөл атқарады. Ал ЭКҰ арқылы дүниеге келген балаларда өзге балалардан айырмашылық болмайды, – дейді Станислав Станиславович. Биыл облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының жанынан құрылған арнайы комиссия шешімімен 63 отбасыға квота бөлініп, қазіргі уақытта оның 60-ы мүмкіндіктерін пайдаланды. – Облыс бойынша 1020 жұп бедеулікпен есепте тұр. Соның ішінде 616 жұпта денеден тыс ұрықтандыруға көрсетілімі бар. Облыс бойынша 2020 жылы 63 квота бөлінген. Соның 60-ы игерілді. Қалған үшеуімен жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл бөлінген квотаны толық игереміз деп отырмыз. ЭКҰ бойынша 2019 жылы 23 бала дүниеге келген, оның екеуі егіз. 2018 жылы 18 бала дүниеге келді. «Аңсаған сәби» жобасы бойынша келер жылы нәтижені екі есе көбейтіп, 126 квота бөлінгенін сұрап отырмыз. Квота алғысы келетіндер өз емханаларында бедеулікпен диспансерлік есепте тұруы керек. Толық тексерістен өтеді. Біз әр жылдың басында емханалардан есепте тұрған отбасылардың тізімін сұраймыз. Экстракорпоральді ұрықтандыру әдісіне денсаулық сақтау басқармасында құрылған арнайы комиссия ерлі-зайыптылардың диагнозын тексеріп барып, қажет деген отбасыларға квота бөледі, – дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы Әлия Шатаева. Тараз қаласының тұрғыны Мәдина Ракишева 2006 жылы тұрмысқа шыққан. Арада 14 жыл өтсе де ол бала көрмей, аурухана мен емхана табалдырығын әбден тоздырыпты. – Балалы болмауымызды бізге берілген сынақ деп қабылдадық. Бірақ, Алланың қалауымен өткен жылы денеден тыс ұрықтандыру арқылы егіз ұл баланы дүниеге әкелдім. Алғаш ана болғандағы сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес. Қазір ұлдарыма 9 ай болды. Жадырасын мен Жалғасын қазір тәй-тәй басып шапқылап, көз қуанышымызға айналып отыр, – дейді Мәдина Бақытқызы. Жастар арасында бедеуліктің жиілеуі қоғамды алаңдататын мәселе. Осы орайда, «Эко-Мед Тараз» орталығының басшысы, репродуктолог-дәрігер Перизат Байқошқарова бедеулік пен белсіздіктің көбеюінің бірнеше факторын атап өтті. – Мысалы, осыдан 20-25 жыл бұрын ер адамның спермаграммасы классификация бойынша 1 миллилитрде 60 миллион, оның 60 пайызы тез қимылдайтын болуы керек еді. Және 60 пайызы потологиялық емес формалары болуы керек болатын. Ал, қазіргі күні осы классификация бойынша нормаларды 3 есе төмендеді деуге болады. Бүгінде 1 миллилитр спермаграммада 20 миллион болса, оның тез қимылдайтыны 20 пайыз болса да норма болып есептеледі. Яғни, адамдардың денсаулығы нашарлауда. Оның себебі неде дейтін сұраққа келер болсақ, ол экологиялық ахуалға байланысты. Сонымен бірге ХХІ ғасыр болса да, жұбайлар бақсы-балгерлердің есігін тоздырып, әулие аралап, уақытын өткізіп алады. Жастары қырыққа таяғанда ғана бізге келеді. Қырық жастан асқан әйелдердің көбісінде ұрық клеткалары болмайды. Ұрық клеткалары әйел адамдарда репродуктивтік қызметіне байланысты таусылады. Ер адамда, мысалы спермаграмма бола беретін болса, ал әйел адамда ұрық клеткасы, аналық жасушалар 12-13 жастан бастап пайда бола бастап, 40 жасқа тақағанда олардың саны өте аз мөлшерде қалады немесе мүлде таусылады. Кейде 50 жастағы әйелдер де келеді. Ондайда донордың яғни басқа бір әйелдің ұрығын салып жатамыз, – дейді Перизат Берденқызы. Деректерге көз жүгіртсек, елімізге 25 жылда 22 мың сәби «пробирка» арқылы жарық дүниеге келіпті. Ал, келер жылдан бастап квота саны 7 еселеніп қосылса, бала саны да сонша көбеймек. Яғни, Президентіміздің Жолдауда айтқан бала санын көтеру бойынша бастамасы перзент күткен отбасылардың шырайын келтіріп, бақытқа да бөлері сөзсіз.

  Саян ТІЛЕУЖАН
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар