Денсаулық
Қасым-Жомарт Тоқаев: Азаматтардың денсаулығын сақтау мәселесі менің жіті бақылауымда
- авторjambylinfo.kz
- 8 қазан, 2023
- 323
Қасым-Жомарт Тоқаев: Азаматтардың денсаулығын сақтау мәселесі менің жіті бақылауымда
Қазақ халқы «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Деннің саулығына аса мән беріп, күтінген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында ұлт денсаулығына жіті мән беріп, халықтың денсаулығын жақсарту жайында ұдайы айтып келеді. Өйткені кез келген мемлекеттің болашағы халықтың денсаулығына тікелей қатысты. Осы орайда Президент ауылдық жерлерден тұрғындарға арналған заман талабына сай қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсететін емханалар мен медициналық пункттер салу қажет екенін айтып, бірқатар тапсырма берген болатын.
Ел игілігі үшін қызмет етіп, тұрғындардың медициналық тұрғыда мұқтаждықтарын мүмкіндігінше орындап жүрген емхананың бірі – №7 қалалық емхана. Бұл мекеме Тараз қаласындағы «Қант зауыты», «Барысхан», «Қарасай» алқаптарының, Тектұрмас ауылының тұрғындарына медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетеді. Емдеу мекемесі «Қант зауыты» тұрғын алқабындағы Рафинадная көшесі, №13 мекенжайда орналасқан. Емхана алғашында шағын ғана «Қант зауытының» медициналық-санитарлық пункті ретінде ашылған. Тарихқа жүгінсек, емхана ғимараты 1953 жылы бой көтеріп, тұрғындар игілігіне берілген. Ол уақытта аздаған қызметкер жұмыс істеген. Бастапқыда медициналық пункт болып ашылған мекемеде қазіргі таңда 150-ден аса маман жұмыс істейді.
Аталмыш емханада ерінбей еңбек ететін, үнемі ізденіс үстінде жүріп, тәжірибе жинақтайтын, әрі жанына шипа іздеп келген жанның қас-қабағына қарайтын 42 дәрігер, 106 медбике қызмет атқарады.
Емхананың басты мақсаты – тұрғындардың саулығы. Дені сау бала мен ананың жағдайы әрдайым басты орында. Себебі олар ел болашағының негізі емес пе?! Адам баласының денсаулықсыз өмірі мәнсіз екені белгілі. Адам жанының арашашысынан кеңес алып, емделмейтін адам жоқтың қасы.
Қазіргі таңда №7 қалалық емханада тіркелген тұрғындар саны –
23 611 адам. Емханада дәрігерге дейінгі тексеру, әйелдер мен ерлерді қарау, ем-шара, егу бөлмелері бар. Сондай-ақ туберкулезбен ауыратын тұрғындарға да арнайы бөлме қарастырылған. Науқастар мұнда келіп, уақытылы ем-домын алып тұрады. Жағдайы төмен отбасыларға барып қызмет көрсететін әлеуметтік медбикелер, психолог мамандар жұмыс істейді. Олар ІІ, ІІІ топ мүгедектеріне барып, азық-түлігін, зейнетақысын алуға жәрдемдесіп, қажеттілік туындағанда көмек көрсетеді.
Емханада медициналық тұрғыда тұрғындарды толғандырған мәселелер бойынша жауап беретін және науқастарға қолдау көрсететін медициналық топ жұмыс істейді. Мұнда пациенттер әртүрлі мәселелермен жүгініп, мәселенің оңды шешімін тауып, арыз-шағымдарға жауаптарын алып, ризашылықтарын білдіріп жатады.
Жыл сайын емхананың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарып, жетіліп келеді. №7 қалалық емханада тұрғындарға консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Алдағы уақытта мемлекеттің қамқорлығымен бұдан да үлкен емханаға айналуы бек мүмкін. Себебі халық саны артып, үкімет медицина бағытына үлкен маңыз беруде. Ұжымның ісі ілгері басуы қашанда басшыға байланысты. Талап пен тәртіп бар жерде ғана нәтиже болады. Осыны мақсат тұтқан №7 қалалық емхананың бас дәрігері Әлия Шатаева қызметкерлерді қашанда ізденісте, өз ісіне адал әрі мұқият болуға шақырады. Себебі әр диагноздың артында адам өмірі, оның ертеңі жатыр. Сонымен қатар білікті басшы жаңа заманның жаңалықтарынан тыс қалмауға бейімделген. Мәселен, медицина қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі – скринингтік тексерулер жүргізу арқылы ауруларды ерте сатысында анықтап, сауықтыру. Осы реттегі жұмыстарды білікті басшы қатаң бақылауға алған. Сондай-ақ емханада тұрғындар жекелеген санаттары бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
Жүргізіліп жатқан осындай іс-шаралардың нәтижесінде емхананың негізгі индикаторлық көрсеткіштері жылдан-жылға жақсарып келеді. Туу көрсеткіші, табиғи өсім жоғарылап, жалпы өлім-жітім, туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіштері төмендеуде. Бұл – ауруы жанына батып, жабырқап келген жандарға тиісті көмек көрсетіп, емдерімен де, жылы сөздерімен де жәрдем бере білетін ақ халатты абзал жандардың еңбегі. Ел игілігіне қызмет етіп, алғыс арқалаған ақхалаттылардың қашанда мерейі үстем болмақ.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз