Денсаулық

Ауыл халқының денсаулығы: Бектенов үкіметте ұлттық жобаны сынап тастады

Былтыр ауылдарда құрылысы жоспарланған 309 медициналық нысанның 92-сі ғана тапсырылған

Премьер-министр Олжас Бектенов «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асыру барысын сынады, деп хабарлайды jambylinfo.kz. Оның айтуынша, ұлттық жобаны жүзеге асыру жұмыстары тиімсіз жүріп жтыр. Бұл мәселе үкіметте бірнеше рет қаралған, бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ. 


Оның айтуынша, мұның бәрі жоспарлардың өзгеруіне әкеп соқты. Соның салдарынан өткен жылы тек 99 объектіні тапсыру туралы шешім қабылданған. 


Қазір 239 объектінің жобалық құжаттамасы дайын, алайда оның 109-ы бойынша ғана мердігер компаниялар айқындалған. «Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр. Ал, құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуір айларында бастау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі болса, оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес. Әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келеді», деді үкімет басшысы. 


Бұдан бөлек, Бектеновтің айтуынша, көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары әлі басталмаған. Оларға медициналық жабдықтар сатып алу ісінде де жағдай мәз емес. Мұндай процедуралар көп уақытты алады. Министрлік олардың есеп-қисабын әлі күнге дейін жүргізбеген. 


Бектенов медициналық ұйымдарды жиһаздармен және құрылыс материалдарымен жабдықтау кезінде отандық өндірушілерді белсенді түрде тарту қажет деп санайды. 


Премьер «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаны жүзеге асыру сапасын жақсарту үшін жұмыс қарқынын барынша күшейтуді тапсырды. 


«Жұмыстар баяу жүріп жатқандықтан, бұл мәселені жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қайта қараймыз», деп мәлімдеді Бектенов. 
Премьер-министр мерзімдер бұзылатын болса, жауапты тұлғаларға шара қолданылатынын ескертті.