сейсенбі, 2 шілде, 2024 15:53

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Аймақ медицинасын дамытудың айқын тетігі

Аймақ медицинасын дамытудың айқын тетігі
ашық дереккөзі
Аймақ медицинасын дамытудың айқын тетігі

Өңірде еліміздегі жетекші медициналық жоғары оқу орындарының бірі С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылмақ. Сол арқылы университеттің зейнет жасындағы жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамы өз тәжірибесімен бөліссе, тиісінше нақты уақытта сонда білім алып жүрген әулиеаталық жоғарғы курс студенттері оқуын облыста жалғастырып, осында еңбек ететін болады. Осы және облыс медицина саласына қатысты өзге де мәселелер өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың C.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожинмен болған кездесуінде кеңінен талқыланды. Әлемді әбігерге салған пандемияның екінші кезеңі күллі адамзат баласын әлі де алаңдатып отыр. Бұл ретте білікті дәрігерлердің көмегі ауадай қажет. Онымен қоса өңірдегі медицина саласында маман тапшылығы мәселесі әлі толығымен шешіліп кетті деп айта алмаймыз. Ал жоғарыда атап өткен жоспар тәжірибесі мол оқу орнының аймақтағы филиалын ашу арқылы осы және өзге де өңір медицинасындағы мәселелерді шешуді көздеп отыр. Және оның тиімділігі туралы кездесу барысында университет ректоры Талғат Нұрғожин жан-жақты атап өтті. Оның айтуынша, қазір университет қабырғасында 623 жамбылдық студент оқып жатыр екен. Соның 500-і жалпы медицина бағыты бойынша білімін жетілдіруде. Ал 14-і резидентурада. Осы ретте аталмыш университет ректоры резидентураға бөлінетін грант санының артып келе жатқанын да тілге тиек етті. Сонымен қатар университет қазіргі таңда бес медициналық ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп жұмыс істейтін көрінеді. Талғат Сейтжанұлының айтуынша, ел аумағы бойынша педиатрия мектебі де ҚазҰМУ базасында екен. – Тараз қалалық көпсалалы аурухананы сенімгерлік басқаруға беру арқылы online/offline қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыру, біліктілікті арттыру және қайта даярлау, жаңа бірлескен білім беру, бағдарламаларын өндеу және енгізу, облыстағы медицина ұйымдарында ҚазҰМУ дипломымен бітірушілерді жұмысқа орналастыру, резиденттердің тәлімгері ретінде материалдық ынталандыру және дәрігер мәртебесін көтеру арқылы тәжірибелі дәрігерлерді тарту сынды маңызды мақсаттарға қол жеткізуге болады.

– Медициналық қызметтердің жаңа түрлерін енгізу, сондай-ақ ақылы медициналық көмекті дамыту есебінен аурухана кірістерін жыл сайын ұлғайту жоспарланып отыр. Онда болжам бойынша кірістердің өсуі жыл сайын орташа есеппен 15 пайызға ұлғаяды. Осылайша облыстағы университет филиалына тәжірибесі мол мамандарымызды іссапармен де жіберіп отырар едік. Бізде зейнет жасындағы, бірақ еңбекке жарамды жоғары санатты профессорлар көп. Бұл біздің тәжірибемізде бар, – деді медицина ғылымдарының докторы, профессор Талғат Нұрғожин. Ректордың айтуынша, аталған университет студенттерінің басым бөлігі еліміздің оңтүстік өңірлерінен келеді екен. Сол себепті де университет басшылығы біздің облыстан да филиал ашуды ұсынып отыр. Сонымен қатар университет ректоры жоғарғы оқу орнындағы ассистент мамандардың айлық жалақысы 300 мың теңге болса, профессор, кафедра меңгерушілері 650 мың теңге айлық алатынын айтты. Бердібек Машбекұлы мамандар айлығының жоғары болуы біліктіліктің, сапалы қызметтің артуына, медицинаның дамуына, жемқорлықтың жойылуына бірден-бір негіз екенін атап өтті. Сонымен қатар ректор университетке студенттерді қабылдау талабының жоғарылығын да тілге тиек етті. Мәселен 140 балдың 132-сін жинағандар ғана университетке қабылданады екен. Ал стоматология, фармация мамандықтары бойынша ол балл аздық ететін көрінеді. Тіпті ақылы түрде оқуға тапсыру үшін де талап – 100 баллдан кем болмауы керек. Басқосу барысында облыс басшысы ұтымды ұсынысқа орай өз ойын ортаға салып, әкімдік тарапынан қажетті қолдау болатынын жеткізді. – Кеңестік кезде медициналық оқу орындары кешенді жұмыс істейтін. Бұдан пайда болмаса, зиян болмайды. Кафедра ашу, жұмыс жоспары бойынша әкімдік тарапынан көмектесеміз. Идея өте жақсы. Енді тек ертерек зерделеп, жүзеге асыру қажет, – деді облыс әкімі Бердібек Машбекұлы. Жиын соңында облыс әкімдігі мен университет арасында меморандумға қол қойылды.

Нұржан Қадірәлі
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар