Аймақта карантиндік шектеулер күшейтіледі
Аймақта карантиндік шектеулер күшейтіледі
Облыс әкімдігінде өткен коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі кеңес отырысында карантиндік шектеулердің күшейтілетіні айтылды.
Басқосу барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әкімдік тарапынан Тараз қаласындағы 8 мектептің санитарлық талаптарды сақтауына қатысты жүргізілген зерделеу нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталғанын атап айтты. Көбінде дезинфекциялық дәліз жұмыс істемейтіні, кейбір сынып кабинеттерінің кіреберісінде дезинфекциялық кілемшелер жоқтығы анықталған.
Осындай жауапты кезеңде №51 орта мектепте мектеп директоры жұмыс орнында болмаған. Оқушылардың партаға шахмат тәртібімен отырғызылуы сақталмаған. Кейбір мектептердің кіреберісіне турникет орнатылмаған. №46 орта мектепте бір мұғалім медициналық маскасыз сабақ берген. Оқушылар арасындағы әлеуметтік қашықтық сақтамаған. Білім ошағындағы кварц лампалары іске қосылмаған. Балабақшадағы әр топтағы бүлдіршіндер саны 15-тен аспауы тиіс, алайда №26 балабақшада топтағы балалар одан көп болып шыққан жағдайлар да кездескен. Осындай олқылықтар орын алмас үшін аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы санитарлық талаптарды сақтау шараларын қатаң қадағалауды тапсырды.
Облыстағы эпидемиологиялық ахуалды мәлімдеген облыс бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Нейлә Муликова тағы да күшейтілетін карантиндік талаптардың тізбегін ұсынды. Көршілес Қырғызстан мен Ресейде аурушаңдық артып отырғандықтан шекарадағы қадағалауды қатаңдатып, Тараз қаласына Түркістан мен Алматы облыстарынан кіретін шекараға пост бекеттер орнатылмақ.
Санитарлық талаптар сақталмай отырған мал базарының да жұмысын тоқтату керегі айтылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пандемияның екінші толқынына әзірлік жайлы айтып, «СҚ-Фармация» ЖШС-нің облыс бойынша уәкілі Айжан Тортаева қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті екенін баяндады.
Қамар Қарасаева