Денсаулық

Аз инвазивті хирургия: Таразда өкпе обырына жаңа тәсілмен ота жасалды

Бұл туралы Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді

Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында заманауи аз инвазивті әдіспен күрделі өкпе ісігін жою бойынша сәтті операция жасалды. Бұл – өңір медицинасы үшін маңызды жетістік саналады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

1975 жылы туған азамат Ж. «сол жақ өкпенің төменгі бөлігінің обыры» диагнозымен ауруханаға түскен. Оған дәстүрлі ашық тәсілдің орнына, қазіргі таңда кең таралып келе жатқан торакоскопиялық лобэктомия әдісі қолданылды. Бұл – көкірек қуысын кеспей, бар болғаны үш кішкентай (шамамен 1 см) тілік арқылы жасалатын операция түрі.

Операцияны жоғары санатты онкохирург Марат Қалиев жүргізді. Оның айтуынша, бұл тәсіл тіндерді аз зақымдап, асқыну қаупін төмендетіп, науқастың оңалу үдерісін едәуір жылдамдатады.

Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы, ол белсенді оңалу кезеңіне өтті.

Жамбыл онкоорталығы бүгінде өкпе ісігінен бөлек, ішкі ағзалар мен зәр шығару жүйесінің қатерлі ісіктеріне де заманауи эндоскопиялық оталар жасап келеді. Медициналық мекеме озық торакоскопиялық және лапароскопиялық құралдармен, сондай-ақ трансуретралды резекция (ТУР) жүйелерімен толық жабдықталған.

Жаңа әдістердің енгізілуі өңір тұрғындарына Астана және басқа ірі қалаларға бармай-ақ, өз аймағында сапалы онкологиялық көмек алуға жол ашып отыр.