Денсаулық

Қазақстандық ғалым қатерлі ісікке қарсы қарапайым С витамині қосылған дәрі ойлап тапты

Қазақстандық ғалым қатерлі ісікке қарсы қарапайым С витамині қосылған дәрі ойлап тапты

Назарбаев Университетінің бір топ ғалымдары қатерлі ісікке қарсы алғашқы отандық дәрі ойлап тапты. Ең маңыздысы, бұл препарат өте қарапайым дәрі-дәрмек пен дәруменді қоса отырып қатерлі ісіктің ең соңғы сатысын емдеуге арналған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. Журналистерге баспасөз мәслихатын өткізген профессор Дос Сарбасов өзінің командасы, препараттың ерекшелігі мен одан күтілетін нәтижелер туралы баяндады. 27 жыл бойы АҚШ-тың Андерсон онкологиялық орталығында жұмыс істеген Дос Сарбасов қазір Назарбаев Университетінің Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің оқытушысы, биохимия және молекулалық биология ғылымдарының кандидаты. Соңғы 3 жыл бойы дәрігер Назарбаев Университетіндегі National Laboratory Astana зертханасын басқарады, онда ұжым қатерлі ісіктің КRАS-мутантты түрлерін емдеуді аяқтауды көздеп отыр.

Профессордың айтуынша, бұл дәріні қатерлі ісіктің барлық түріне емес, Қазақстанда ең көп кездесетін және өлім-жітім көрсеткіші көп түрлеріне қолдану жоспарланып отыр.

Қазір Сарбасовтың командасы дәріні бірінші және екінші сатыда сынаған. Бірақ, профессор атап өткендей, он бес адам деген көрсеткіш – өте аз.

Бұл тақырыпты ғылыми түрде баяндасақ, профессордың зерттеуіндегі KRAS гені прото-онкоген, оның мутациялары қалыпты жасушаларды қатерлі жасушаларға айналдыру мүмкіндігіне ие. Мутация жағдайында белсендіру процесі және жасушаның бөлінуі артады, бұл ісіктің өсуіне әкеледі. KRAS мутациялары көбінесе ұйқы безінің қатерлі ісігінде байқалады, олар сонымен қатар тоқ ішек қатерлі ісігінде, өкпе ісігінде кездеседі.

Айта кетейік, Назарбаев Университетінің National Laboratory Astana мекемесі 2015 жылы құрылған. Мекеме «Өмір туралы ғылымдар орталығы» мен «Энергетика және жаңа материалдар ғылымы орталығын» қамтиды. Зерхананың негізгі мақсаттары - өмір туралы ғылымдар, энергетика және басқа да пәнаралық ғылымдар саласында көпсалалы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізу, сондай-ақ ғылыми зертханаларды, эксперименттік базаларды, орталықтарды, институттарды дамыту және ғылыми, ғылыми-техникалық, білім беру бағдарламалары мен мамандарды кәсіби даярлау бағдарламаларын іске асыру. Қазіргі уақытта NLA-да 167 ғылыми қызметкер жұмыс істейді. NLA әлемнің 30-дан астам жетекші ғылыми орталықтары мен институттарымен серіктестік орнатты.