Бауыр трансплантациясынан өткен балаларға Сызғанов орталығында тосын сый жасалды

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықта бауыр трансплантациясынан өткен балаларға арналған қайырымдылық акциясы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл – елімізде балаларға бауыр трансплантациясын жүргізетін жалғыз медициналық мекеме. Акция барысында балалар ультрадыбыстық зерттеуден (УДЗ), кешенді зертханалық талдаулардан өтті, сондай-ақ бейінді мамандардың консультациясын алды.
Орталықтың басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Болатбек Бимендеұлы Баймаханов балалармен кездесіп, олардың жағдайын сұрап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ол орталықтың барлық мамандары бұл балалардың денсаулығын үнемі бақылауда ұстайтынын атап өтті.
А.Н. Сызғанов атындағы орталықта балаларға бауыр трансплантациясын жасау бағдарламасы 2016 жылы профессор Баймахановтың бастамасымен қолға алынған. Содан бері 50-ден астам бала күрделі операцияны сәтті өткеріп, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алды.