дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 16:29

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бетпердені бейберекет тастамайық!

Бетпердені бейберекет тастамайық!
ашық дереккөзі
Бетпердені бейберекет тастамайық!

Дәл қазір бетперде тағу күллі адамзатқа ортақ міндетке айналды. Тіпті кейбір мемлекеттерде бетперде тағу дағдысын елемегендер заң шеңберінде жауапкершілікке тартыла бастады. Осыдан барып, бүгінгі қоғам қолданылған бетперделерді қоқысқа тастау мәселесімен бетпе-бет келді. Сәйкесінше біздің елімізде де бетперде тағуға қатысты шарт бірнеше мәрте өзгерді. Алғашында жеке қорғаныс құралын қолдану баршаға міндеттелмегенімен кейіннен қоғамдық орындарда бетперделі режимді сақтау талабы қойылды. Тіпті күнделікті тұтынылатын азық-түлік сияқты бетперде де әлеуметтік маңызға ие болды. Оның дәріхана сөресіндегі бағасы да заңмен реттеліп, негізсіз көтеруге тыйым салынды. Есесіне медициналық бұйым шығаратын кәсіпорындар жеке қорғаныс құралының осы бір түрін өндіруге, онымен жергілікті жердің сұранысын қамтамасыз етуге басымдық берді.

Жалпы коронавирустық инфекцияның таралуын шектеуде бетперденің маңызы ерекше.Сондықтан да көпшілік арасында жеке қорғаныс құралының бірреттік және көпреттік түрлері қатар қолданыла бастады. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай бірреттік бетперделерді әрбір 2-3 сағат сайын ауыстырып отыру міндеттеледі. Демек әрбір адам жеке қорғаныс құралын күніне 3-4 мәрте ауыстырады. Өкініштісі сол әрбіріміз күн сайын қолданылған бетпердені қоқысқа тастау алгоритмінің бұзылуының куәгері болып жүрміз. Қоқыс жәшіктеріне, тұрғын үйлердің аулаларына, дүкендер мен дәріханалардың маңында шашылып жатқан бетперделерді көргенде көпшіліктің санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың маңызына әлі де тиісті деңгейде мән бермейтіні аңғарылады. Мұнда айналаны ластаудан бұрын бетперде арқылы дертті жұқтыру қаупіне де ешкім бас қатырмайды. Тіпті кейбіріміз еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысында жеке қорғаныс құралдарын қолдану және көзін жою алгоритмі нақты көрсетілгенінен де хабарсызбыз. – Расында көпшілік бірреттік жеке қорғаныс құралдарының қоқысқа тастау, жою мәселесіне қатысты арнайы қағидаттардың бар екенін ескере бермейді. Сонымен бас санитарлық дәрігердің қаулысына сай бетпердені қоқысқа қалай тастау керек? Мұнда ең алдымен жеке қорғаныс құралдарының қандай жағдайда қолданылғаны маңызды. COVID-19-ға шалдыққан немесе оның симптомдары бар науқастар ем алып жатқан карантиндік орталықтарда, привозорлық және инфекциялық стационарда қолданылған қорғаныс құралдары «В» сыныпты қоқыс ретінде залалсыздандырылып, көзі жойылады. Бұл сынып қоқыстың төтенше эпидемиологиялық қауіпті екенін білдіреді. Ал басқа денсаулық сақтау ұйымдарында қолданылған бетперделер эпидемиологиялық қауіпке ие медициналық қоқыс ретінде «Б» сыныпқа жатқызылады. Үй жағдайында жеке қорғаныс құралын қоқысқа тастаудың ережесі өте қарапайым. Тұрғындар тұтынған бетперденің өзгелерге қауіпсіз болуы үшін оны қоқыс жәшігіне тастамай тұрып ауа кірмейтін пакетке салғаны дұрыс. Осыдан кейін ғана ол қауіпсіз медициалық қоқыс санатына жатып, кез-келген қоқыс полигондарына тастала береді, –дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Юля Цай.

Елімізде күшейтілген карантин талаптары жеңілдегенімен қоғамдық орындарда бетпердемен жүру талабы әлі де заңды күшінде. Ал бұл заңға мойынсұнғысы келмегендер 82000 теңге көлеміндегі айыппұл арқалайды. Әлбетте деніңіздің саулығы ең әуелі өзіңіз үшін керек. Сондықтан да бетперде тағуды ұмытпағаныңыз жөн. Бұл орайда қажетіңізге жараған жеке қорғаныс құралын қоқысқа тастаудың да заңдылығына көз жұма қарауға болмайды. Сайып келгенде дәл қазіргі сәтте өзгенің де өміріне жауапкершілікпен қарау адамзат үшін ортақ міндет екені есте болғаны абзал.

Шынболат Күзекбаев
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар