Денсаулық

Былтыр Қазақстан 100 адамды шетелге емге жіберу үшін 1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлген

Осы 100 адамның ішінде Қазақстан дәрігерлері емдей алмайтын 66 бала бар

Былтыр Қазақстанның медицинасы емдей алмайтын ауруға шалдыққан 100 адам ем алу үшін шет елдерге жіберілген. Бұл туралы jambylinfo.kz тілшісінің сұрағына жауап бере отырып  Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен баланың денсаулығын қорғау департаменті директорының орынбасары  Әйгерім Оспанова мәлім етті. 

Оспанованың мәліметінше, ол 100 адамның ішінде Қазақстанның дәрігерлері емдей алмайтын дертке шалдыққан 66 бала бар. 

Оның айтуынша, баласын шетелде емдету үшін әлеуметтік  желі арқылы ақша жинайтын ата-аналардың көбі ол аурудың Қазақстанда емделетінін білмейтін болып шыққан. 


Әйгерім Оспанова өз сөзінде әлеуметтік желі арқылы қаражат жинайтын ата-аналар мен қорлардың жұмысындағы бір мәселені атап өтті. Оның айтуынша, көп жағдайда ата-ана баласына қазақстандық дәрігерлер көмектесе алатынын біледі. Оның үстіне, кейде баланы эксперимент үшін емдеуге шығаратын адамдар бар дейді.