сенбі, 23 қараша, 2024 6:07

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Дәрі-дәрмектің 77% тек қана рецепт бойынша беріледі

Дәрі-дәрмектің 77% тек қана рецепт бойынша беріледі
ашық дереккөзі
Дәрі-дәрмектің 77% тек қана рецепт бойынша беріледі

 Биыл 8 желтоқсандағы дерекке сүйенсек, Қазақстанда дәрілік заттардың 7,4 мыңнан астам атауы тіркелген. Оның 77% тек қана рецепт арқылы беріледі.

Бұл туралы ДЗСҰО баспасөз қызметі хабарлады. Естеріңізге сала кетсек, дәрі-дәрмекті рецепт арқылы беру ережесі Денсаулық сақтау министрінің арнайы бұйрығы негізінде реттеледі («Дәрілік заттарды рецептімен босатуға жатқызу ережесін бекіту туралы» бұйрық). Дәрілік заттың рецептуралық препаратқа жататын-жатпайтыны фармацевтикалық және фармакологиялық қасиеттерін сараптау, мөлшерлеу, пайдалану тәсілдері, қауіпсіздігі мен тиімділігіне қатысты реакцияларды анықтау барысында нақтыланады. Қатаң түрде дәрігердің рецепті бойынша берілетін дәрі-дәрмектерге микробқа қарсы, гормондық препараттар, құрамында есірткі және психотроптық заттары бар дәрілер, адам денсаулығына қауіп төндіретін және қабылдау режимі мен қолдану тәсілін сақтамау салдарынан жағымсыз реакциялар туғызуы мүмкін препараттар, сондай-ақ инъекция мен ингаляция жасауға арналған дәрілік препараттар жатады. Сонымен қатар, тек қана аурухана жағдайында қолданылатын дәрі-дәрмектер бар. Себебі оларды тек дәрігердің тұрақты бақылауы негізінде ғана қолдануға рұқсат етілген. Дәрумендер, шөптен жасалған шайлар мен жиынтықтарды алу үшін рецептінің қажеті жоқ. Рецептіні емхана дәрігері жазып береді. Бұрын оны тек қағаз түрінде беретін болса, қазір электронды форматтағы рецептілер де пайда болды. Алғашқысына дәрігердің қолы мен мөрі басылуы тиіс болса, электрондық рецепт дәрігердің цифрлық қолтаңбасымен расталуы қажет. Қазақстанда тіркелмеген және қолдануға рұқсат етілмеген дәрілік заттарға рецепт жазылмайды.
Соңғы кезде ел арасында дәріні дәрігердің тағайындауынсыз сатып алып, өз-өзін емдеу белең алып келеді. Дәрі-дәрмекті жөнсіз пайдалану салдарынан кешегі COVID-19 індетінің алғашқы толқыны кезінде антибиотиктерге, вирусқа қарсы және қызу түсіретін препараттарға деген сұраныс күрт артты. Мұндай препараттарды бақылаусыз және дәрігер кеңесінсіз пайдалану адам денсаулығына зиян. Мысалы, бізде көптеген адам аздап суық тиіп, тұмаурата қалса, бірден антибиотик ішеді. Өкінішке қарай, қандай вирус жұқтырғанын анықтау үшін бактерияға анализ тапсырып, дәрігер кеңесіне жүгінетіндер кемде-кем. Ал вирусты антибиотикпен емдеуге болмайды, - дейді Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы бас директорының орынбасары Баян Молдахметова.
Ескеретін жайт, нұсқаулық бойынша қабылданған дәрі-дәрмектен кейін жағымсыз әсері байқалса немесе ауруды емдеуге көмектеспесе, емдеуші дәрігерге хабарласып, Ұлттық орталықтың www.ndda.kz ресми сайтындағы сары картаны толтыру қажет. Хабарлама картасы Ұлттық орталықта мұқият талданып, сараптама нәтижесі негізінде реттеуші орган тиісті шешім қабылдайды: дәрі-дәрмек сериясы тоқтатылады немесе оның тіркеу туралы куәлігі күшін жояды. Қазақстанда мұндай хабарламалар көбіне антибиотиктерге қатысты түседі. Сонымен қатар, Қазақстанда дәрі-дәрмек іздеуге арналған DariKZ мобильді қосымшасы әзірленді. Ол рецептуралық және рецептісіз берілетін препараттар тізімімен танысуға мүмкіндік береді. Қосымшаны Google Play және AppStore платформалары арқылы жүктеп алуға болады. Бүгінгі таңда DariKZ қосымшасын пайдаланушылар саны 136 мыңға жуықтады. baq.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар