Денсаулық сақтау министрлігі: азаматтар жыл сайын скринингтік тексеруден өтуі тиіс
- авторБақытжан Бекболат
- 14 тамыз, 2025
- 532
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды жыл сайын скринингтік зерттеп-қараудан өтуге үндеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 80-бабының 3-тармағына сәйкес, еліміздің барлық азаматтары профилактикалық медициналық тексеруден және скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті.
Министрліктің хабарлауынша, биылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, онкоскринингтер барлық азаматтарға қолжетімді.
Скринингтік тексерулер жүрек-қан тамырлары ауруларын, қант диабетін, глаукоманы, сүт безі, жатыр мойны және ішектің обырын, В және С вирустық гепатиттерін, цереброваскулярлық бұзылуларды және басқа да қауіпті патологияларды ерте анықтауға бағытталған. Тексерудің жас санаты мен жиілігі медициналық стандарттарға сәйкес дәрігер тарапынан белгіленеді.
Скринингтен өту үшін азаматтар тіркелген емханасына жеке куәлігін алып баруы жеткілікті. Тексеруге алдын ала тіркелу call-орталық немесе DamuMed мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі. Көп жағдайда учаскелік дәрігерлер немесе мейіргерлер жас және өзге де өлшемшарттар бойынша тізім жасап, бекітілген халықты өздері шақырады.
Кім және қашан скринингтен өтеді?
Жүрек-қантамыр аурулары (артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы) – 40–76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер.
Қант диабеті – 40–76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер.
Глаукома – 40–76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер.
Онкологиялық аурулар:
сүт безі обыры – 40–76 жас аралығындағы әйелдер;
жатыр мойны обыры – 30–74 жас аралығындағы әйелдер;
колоректалдық обыр – 50–76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер.
В және С вирустық гепатиті – медицина қызметкерлері, жоспарлы және шұғыл операцияға түсетін пациенттер, гемодиализ, гематология, онкология, трансплантация, жүрек-қан тамырлары және өкпе хирургиясы бөлімшелерінің науқастары, ағза мен тін трансплантациясы немесе қан құю жүргізілетін адамдар, жүкті әйелдер.
Цереброваскулярлық бұзылулар – 50–76 жас аралығындағы ер адамдар.
Мамандардың айтуынша, скринингтен өту тек ауру белгілері болғанда ғана емес, ешқандай шағым болмаған жағдайда да маңызды. Бұл – өз денсаулығына сенімді болудың және қауіпті дерттерді ерте анықтаудың ең тиімді жолы.
Ұқсас жаңалықтар
МӘМС - денсаулық кепілі: тұрғындарға жүйенің артықшылықтары түсіндірілді
- авторСадуақас Айсұлу
- 4 желтоқсан, 2025



