ЕАЭО дәрі-дәрмектерді ұлттық тәртіппен тіркеу мерзімін 2027 жылға дейін ұзартты

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі дәрілік заттарды әр елдің ұлттық заңнамасы бойынша тіркеу мүмкіндігін 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл өзгеріс ЕАЭО елдеріндегі, соның ішінде Қазақстандағы фармацевтикалық компанияларға жаңа препараттарды бұрынғы тәртіппен тіркеуді тағы үш жылға дейін жалғастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұрын тіркелген дәрі-дәрмектерге өзгерістер енгізу де бұрынғы қағидалармен жүзеге асырыла береді.
Мұндай шешім денсаулық сақтау жүйесінде дәрі-дәрмек тапшылығы мен жеткізілімдегі үзілістердің алдын алуға бағытталған. Мерзімді ұзарту халықты қажетті препараттармен үздіксіз қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
Аталған өзгерістер 2022 жылғы 10 маусымдағы ЕЭК Кеңесінің №96 шешіміне енгізілген және 2024 жылдың 24 мамырынан бастап күшіне енеді. Олар 2025 жылдың 1 қаңтарынан кейін пайда болатын құқықтық қатынастарға қолданылады.