Денсаулық

Індеттің таралуына жол бермеу мақсатында

Індеттің таралуына жол бермеу мақсатында

Елімізде қауіпті індеттің қайта өршуіне байланысты карантин талаптары қатаңдатылып, сақтық шаралары күшейтілді. Күнделікті бетпердемен жүру, әлеуметтік арақашықтықты сақтау ел азаматтарына міндеттелді. Жамбыл облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанымен, індетті жұқтырғандар да жоқ емес. Осы орайда біздің ауданда қауіпті індеттің алдын алу үшін қажетті шаралар қолға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілу үстінде. Әсіресе, аудан әкімі аппараты жанынан құрылған шұғыл топтың бүгінде жұмысы қызу. Топ мүшелері аудан аумағында рейдтер ұйымдастырып, жергілікті тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіруде. Күні кеше аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев бастаған шұғыл топ індеттің алдын алу, таралуына жол бермеу мақсатында «Ас-Ер» мал базарына рейдке шықты. Бұған дейін де топ мүшелері мұнда болғаны, 11 адамға ескерту жасалғаны, 6 азаматқа айыппұл салынғаны белгілі. Содан бері жағдай біршама өзгерген, ретке келтірілген. Базар әкімшілігі өткен жолғы кемшіліктерді жойғаны, онда тәртіп орнағаны көзге көрініп тұр. Байқағанымыздай, базардың сыртқы, ішкі жағында «Назар аударыңыз! Базар аумағында бетпердесіз жүруге қатаң тыйым салынады, арақашықтықты сақтаңыз!» деген ескертпе сөздер жазылған баннерлер ілініп тұр. Сондай-ақ кіреберісте тұрған базар қызметкерлері бетпердемен жүрген келушілердің дене қызуын өлшеп, ішке кіргізіп жатыр. Дейтұрғанмен, бұл құрылғының бірде істеп, бірде істемей қалатынын аңғардық. Олардан сұрасақ, «күн суық болған соң, дұрыс істемей тұр» дегенге саяды. Ең бастысы, келушілер маскалық режимді бұзбай, бетпердемен жүр. Әрине, арасында бетпердесіз жүргендер де бар. Бірақ, олардың саны өте аз. Оларға топ мүшелері ескерту жасап, талап-тілекті мықты түсіндірді. Топ мүшелеріне ілескен біз базар директоры Сәбит Алатаевпен тілдестік. Ол бізбен әңгімесінде: «Біз өз тарапымыздан қауіпсіздік шараларын сақтап отырмыз. Карантин талаптарын орындап жатырмыз. Қорғаныш заттары орнында. Өздеріңіз көріп тұрғандай, адам көп. Соның өзінде ешкімді бетпердесіз кіргізіп жатқанымыз жоқ. Арақашықтықтың сақталуы да маңызды екенін білеміз. Осының бәрін дауыс күшейткішпен айтып, ескертіп жатырмыз», – деді. Айта кететін жайт, топ мүшелерімен қатар онда ауданның белсенді жастары да бой көрсетті. «Жастар ресурстық орталығының» ұйытқы болуымен белсенді жастар келушілерге бетперде мен жадынама парақшаларын таратты.