Денсаулық

Инфекциямен ең тиімді күрес — вакцинация

Инфекциямен ең тиімді күрес — вакцинация

Бүгінгі таңда коронавирустық инфекциямен ең тиімді күрес - вакцинация екенін бүкіл әлем мойындап отыр. Бастапқыда түрлі қауесеттерге бой алдырып үрейге басқандар вакцинацияның тиімділігін түйсіне бастады.Вакина салу міндетті ме?

Тұрғындар вакцинаны ерікті түрде салдырады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес, вакциналау әр азаматтың келісімі арқылы ғана жүзеге асады. Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталып, ресейлік «Спутник V» вакцинасы егілуде. Коронавирусқа қарсы вакцина алдымен инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына салынуда. Ары қарай халықтың басқа да топтарына иммундау жүргізіледі. Кез келген вакцинаны салған кезде адам ағзасы иммунитет қалыптастырады, аз уақытқа дене қызуы көтеріліп, екпе салған орын қызарады немесе ісіну секілді жағымсыз өзгеріс болуы мүмкін. Ресейлік «Спутник V» вакцинасы Ресей мемлекетінде тіркеуден өткен, оны алу үшін елуден астам мемлекет өтінім білдіріп, біразында сәтті қолданылып жатыр. Отандық вакцинаның ерекшелігі қандай? Ал біздің отандық вакцинаның ерекшелігі қандай? COVID-19 инфекциясына қарсы отандық QazCOVID-in вакцинасы инактивтендірілген вакцина түріне жатады. Бұл вакцинаны Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты өңіріміздің Қордай ауданында орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірлеп шығарды. Қазіргі кезде QazCOVID-in вакцинасының үшінші кезеңінің сынағы өткізілуде. Отандық инактивтендірілген QazCOVID-in вакцинасы Алматы және Тараз қалаларында еріктілерге салынды. Еріктілерде анықталып жатқан алғашқы клиникалық және зертханалық көрсеткіштер жақсы деңгейде екенін көрсетті. QazCOVID-in вакцинасын әзірлеуші топтың жетекшісі, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Күнсұлу Закарьянның айтуынша, вакцина алғашында зертханалық жануарларға (ақ тышқан, егеуқұйрық, атжалман, теңіз тышқан, қоян, күзен, аламан, макака-резус маймылы) салынып, клиникаға дейін және одан кейін Алматы қаласында екі кезеңдік сынақтан 244 ерікті азаматтың қатысуымен ойдағыдай өтті. Көрсеткіштер жақсы нәтижелермен аяқталды. QazCOVID-in вакцинасының үшінші кезеңдік сынағы Алматы және Тараз қалаларында 3 мың ерікті азаматтың қатысуымен өтіп жатыр. Сынақ екі қалада бірдей желтоқсан айынан басталды. Вакцина ерікті азаматтарға, белгіленген ереже бойынша арасы 21 күн болатын уақытпен, екі рет 0,5 мл мөлшерде бұлшық етке салынды. Клиникалық зерттеудің хаттамасына сәйкес, дәрігерлік тексерісте болған еріктілердің жағдайы қалыпты. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ғылыми кеңесшісі Әлім Акімбаев отандық QazCovid-in екпесі зерттеліп-сыналған технологиямен әзірленгендігін, адам ағзасы үшін қауіпсіз екендігін, онда коронавирустың антигені толық сақталғандықтан, ол вирустың кез келген түріне қарсы тұра алатындығын, қазақстандық вакцинаны таңдайтындығын айтты. Себебі, ол – инактивация жасалған вакцина. Ол сақтау мен тасымалдау кезінде температуралық режимді қатаң сақтауды талап етпейді. Вакцинадан кейін не болады? Вакцинациядан қорғаныш әсері бірінші дозаны енгізгеннен кейін 12 күннен кейін біліне бастайды, бірақ толық иммунитет қалыптастыру үшін екі доза қажет, оларды 19 күннен 23 күнге дейінгі аралықпен енгізу ұсынылады. Вакцина организмнің иммундық реакциясын тудырады. Иммундық жүйе вирусты таниды, ағзада антиденелер пайда бола бастайды. Аурумен күресу үшін пайда болатын ақуыздар вирусты есте сақтап қалады, вирус қайтадан денеге енсе, онда иммундық жүйе дереу әрекет етіп оны жойып жібереді. Атап өтерлік бір жайт, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында вакцинация тегін салынады. Нұрбану Бердімбетова, «ZHANUYA» емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері, бөлім меңгерушісі.