сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 18:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Өңір індеттің екінші толқынына қаншалықты дайын?

Өңір індеттің екінші толқынына қаншалықты дайын?
ашық дереккөзі
Өңір індеттің екінші толқынына қаншалықты дайын?

Бүгінде әлемді алаңдатқан пандемияның қаупі әлі де болса сейіле қойған жоқ. Соған қарамастан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің екінші толқыны болатынын айтып отыр. Осыған орай, вирустың кезекті толқынына аймақтың дайындығын тексеру мақсатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы бірқатар медициналық ұйымдарды аралады.

Өңір басшысы алдымен «СҚ-Фармация» қоймасымен танысты. Негізгі қоймасы көрші Шымкент қаласында орналасқан серіктестік дәрі-дәрмекпен Түркістан, Қызылорда және біздің облысты қамтамасыз етеді екен. Серіктестіктің өңірдегі қоймасы келген дәрі-дәрмектерді бірден аймақтағы 78 медициналық ұйымға жөнелтеді. Аталған серіктестің өңірдегі өкілдегінің басшысы Айжан Тортаеваның айтуынша, қыркүйек айына тиесілі құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын дәрілер алу жоспарланып, 300 миллион теңгеге дәрілер алынып тиісті мекемелерге үлестіріліпті. Бұдан бөлек, қауіпті індетке қарсы 709,5 миллион теңгенің дәрілері алынып, өңірдегі медициналық ұйымдарға жеткізілген.

 width=

Мекеменің қоймасымен танысқан облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы аталған серіктестік осыған дейін маусым-шілде айларында дәрі-дәрмекті толықтай жеткіземіз деп межені орындай алмағанын алға тартып, індеттің екінші толқынында ондай олқылыққа жол бермеу керектігін баса айтты. Вируспен күресте ең қажетті дәрі екенін қадап айтқан өңір басшысы аталған олқылықтан сабақ алып, әлі де болса қойманы толтыру керек екенін жеткізді. Ол үшін «СҚ-Фармация» маусым-шілде айында болған қажеттілікті толық есептеп, қор жасақтау керек. Бұл орайда, олар керекті дәрі-дәрмектерді есептеп, 8,2 миллиард теңгеге қор жасап жатқан көрінеді.

 width=

Өз кезегінде аймақ басшыс салаға жауапты орынбасары Ержан Жылқыбаев пен ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке ауруханалар мен дәріханаларды зерделеу жұмыстарын жүргізіп, екінші толқынға дайындықты пысықтау қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ оларға өңірді індетке қарсы 81 түрлі дәрмекпен қамтамасыз етілуін қадағалау туралы да тапсырма жүктеді. Бұдан өзге аймақ басшысы «СҚ-Фармация» басшылығына туындаған проблемаларды дер уағында жеткізу керектігін де қадап айтты.

   width=

Мұнан соң  Бердібек Мәшбекұлы №5 қалалық емханаға бас сұқты. Бүгінде емхана екінші толқынға дайындықты күшейткен. Оның алғашқысы ретінде емхана ғимаратына кіретін негізгі 3 есік қарастырыпты. Мәселен, келушілерден дене қызуы анықталса басқа есіктен кіріп, бірден оқшаулау бөліміне жеткізіледі екен. Сондай-ақ емхананың CALL-орталығында бір мезетте 8 оператор жұмыс істесе, дәрігерге электронды жазылу да жолға қойылған. Қазіргі таңда емханаға келушілердің 93 пайызының электронды денсаулық құжаты әзірленіпті. Емдеу мекемесінің жай-күйімен танысқан аймақ басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен жұмысты күшейту қажеттігіне баса назар аударды.

 width=

Айта кетерлігі, бүгінгі күні аталмыш емханада екпе науқаны жүріп жатыр екен. Бұл бағытта емханаға қарасты 8 мектеп, 15 балабақшалармен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. 15 қыркүйекте басталған екпе науқаны қараша айында толықтай аяқталуы тиіс. Дегенмен аймақ басшысы екінші толқын басталмай тұрып аталған жұмыстарды аяқтау керектігін тапсырды.

Келесі кезекте облыс әкімі Бердібек Сапарбаевоблыстық көп бейінді балалар ауруханасының соматикалық корпусының жұмысымен танысты. Аталған ауруханаға жергілікті бюджет және демеушілердің көмегімен өкпені 36 жасанды желдету аппараттары алыныпты. Сондай-ақ реанимация бөлімінде осыншама төсек қарастырылыпты. Бұдан өзге оттегі оттегі концентраторы да бар екен. Айта кетерлігі, алдағы мұнда уақытта оттегі станциясы салынады. Сонымен қатар облыс әкімі аурухананың вирусқа қарсы дәрілер мен препараттар қорына да қанықты. Өз кезегінде ауруханның бас дәрігері Азат Сатжановқа індетке қарсы дәрілердің кем дегенде екі айлық қоры болуы керектігін жеткізіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен тығыз жұмыс жасауды тапсырды.

 width=

Мұнан соң облыс әкімі Б.Сапарбаев журналистерге арнайы сұхбат беріп, өңірдің індеттің екінші толқынына дайындығы туралы жеткізді. Өз сөзінде өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да вирустың кезекті толқынына байланысты тапсырмалар жүктегенін тілге тиек етті.

– Бүгін медициналық ұйымдарды аралаудағы мақсатым – Президент Жолдауындағы тапсырмаларды орындалуына көз жеткізу. Расында, біз үшін ең керектісі дәрі-дәрмектің қоры. Маусым-шілде айларында науқастардың көбейіп кетуі дәрі-дәрмектің жеткіліксіздігінен болды. Сондықтан дәріханалардағы қорды біз кемінде екі айға жеткізуіміз қажет. Бүгінгі күні ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» тиісті дәрі-дәрмек жіберіп жатыр. Соған қарамастан олармен жұмысты күшейтуіміз керек. Алдағы уақытта облыстағы ауруханалард тексеріп, қоймаларындағы дәрілерге назар аударуымыз тиіс. Себебі, індетке қанша адамның шалдығатынын білмейміз. Бастысы, дәрі-дәрмек болуы қажет. Бұл біріншіден. Екіншіден, мамандардың болуы. Өкінішке орай, өңірге 200-ден астам дәрігер жетіспейді. Қазіргі таңда біз С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен жұмыс істеп, алдағы уақытта өңірден оқу орнының филиалын ашпақпыз. Қажетті мамандарды сол жақтан алатын боламыз. Баршаға мәлім, осыған дейін біз зейнет жасындағы дәрігерлерді және медициналық университеттердің жоғары курс студенттерін тартқан едік. Алдағы бір жарым ай ішінде дәрігерлер мен дәрі мәселесін шешуіміз тиіс. Сондай-ақ қазіргі таңда 2530 төсек бар. Бұл бағытта Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов ауданындағы екі аурухананы күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Мұндағы мақсат – науқастар саны артып кеткен жағдайды қажетті орынның дайын болуы. Бұдан кейінгі тағы бір мәселе – ауруханаларды қажетті жабдықтармен және оттегілермен қамтамасыз ету, – деді Бердібек Мәшбекұлы.

 width=

Аймақ басшысы өңірде оттегі қоры жеткілікті екенін алға тартып, алдағы уақытта тағы 4 оттегі станциясы алынатынын жеткізді. Күз айында тұмаудың басталатыны белгілі. Сондықтан аймақ басшысы тұрғындарға екпе салу мәселесіне де жіті тоқталды. Өткен жылы тұмауға қарсы екпе өңір тұрғындарының 7 пайызына ғана салынса, биыл 40 пайызға жеткізу жоспарланып отыр екен. Дегенмен бүгінгі күні екпе алушылардың саны өте аз көрінеді. Сол себептен облыс әкімі өңір тұрғындарын тұмауға қарсы екпе салдыруға шақырды.

Облыс әкімі медициналық ұйымдарды аралау барысында «Неке және жанұя» медициналық орталығындағы ЭКО-орталығының жұмысына қанықты. Бүгінде 30-ға жуық маман жұмыс істейтін орталықтың жұмысына оң бағасын берген аймақ басшысы алға қойған мақсаттарына жетулеріне тілектес екенін білдірді.

 width=

Келесі кезекте Бердібек Мәшбекұлы «Мыңбұлақ» ықшам ауданындағы «Садыхан» дәріханасына барды. Өкініштісі, дәріханада қарапайым «анальгин» мен «парацетамол» дәрілері табылмады. Облыс әкімі дәріхана басшылығына қорды қайта қарастырып, керекті дәрілердің болу керектігін ескертті. Сондай-ақ ол аталған ықшам аудандағы «Әмір және Д» дәріханасына да бас сұқты.

Шынболат Сейдуалиев
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар