Әлемді алаңдатқан алапат дерт бәсеңдеді деген кезде ел арасында «Енді балаларды қынадай қыратын ауру басталады екен» деген қауесет тарады. Тіпті «Ауруханаларда балаларға арналған төсек орындар көптеп әзірленіп жатыр, бұл соның айқын айғағы» дегендер де табылуда. Әлеуметтік желілерде желдей ескен қауесет күннен-күнге күшейіп барады. Бұл жел сөз шындыққа жанаса ма? Алдағы күзде балалар арасында коронавирустың өзге түрі жүре ме? Міне, осындай елді алаңдатқан сауалдар төңірегінде сала мамандарына сұрау салған едік.
Мұндай алып-қашпа әңгімені дәрігер мамандар да естігендерін, алайда дәйексіз сөзге құлақ аспауды айтады. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Әлия Шатаева: – Коронавирус жұқпасы балалар арасында симптомсыз немесе жеңіл түрінде өтеді. Алайда осы жылдың сәуір, мамыр айларында Ұлыбритания елінде аталмыш вирусқа шалдыққан бірнеше балада дерттің ауыр түрі анықталды. Ол көпжүйелік қабыну синдромы деп аталады. Осы сырқат жүрек-қан тамыры ауруларының асқыну түрінде болған. Мұндай дерт Ұлыбританиямен қатар, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында да орын алғандықтан, коронавирус көп тараған аймақтардағы балаларда көпжүйелік қабыну болуы мүмкін деген болжам бар. Бұл тек ғана болжам. Әрине Үкімет халықты қауіптен арашалап, аман алып қалу үшін қамданып, біз болжам болса да әзірлік жүргізудеміз, – дейді. Яғни бірден-бірге тараған жел сөздегі ауруханаларда балаларға арналған төсек орындарының дайындалуы алдын ала болжанған қауіптен қорғанудың қамы ғана. Шүкір әзірше ешқандай қауіпті дертке шалдыққан бала тіркелмепті. – Біздің облыста бұл вируспен ешқандай бала ауырған жоқ. Баланың бұл дертке шалдыққанын маманға қаралмай тұрып, қалай анықтаймыз дегенге тоқталсақ, онда коронавирустан кейінгі асқыну белгілері болады. Яғни дене қызуының жоғары көтерілуі, дем жетіспеу, жиі демалу секілді тыныс алу жолдарының асқынуы, кеуде қуысының қабынуы. Ең басты белгісі – баланың денесінде бөртпелердің, коньюктивиттің пайда болуы, және бездердің қабынуы, жүрек тұсында ауру сезіледі. Ол кеудеге, арқасына, жауырынына, иығына қарай беріледі. Ауыз төңірегі көгеріп, алақандары, табандары ісінеді. Іші өтіп, ауырып, құсады. Тамағы ауырады. Егер осындай белгілер байқалса, жедел түрде дәрігерге қаралу керек, – дейді Әлия Өзбекқызы. Маманның айтуынша, егер осындай сырқатқа шалдыққан бала тіркелсе, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының кардиология бөлімінде емдеу жоспарланып, төсек жабдықтары дайындалыпты. Ал қазіргі таңда жұқпалы аурулар ауруханасына балалар тек ішек инфекциясымен түсіп, ем алып жатыр. Яғни әлеуметтік желі арқылы таралып жатқан «Алдын ала ауруханаларда балаларға арналған төсек әзірленуде. Алдағы уақытта балалардың жаппай ауыратынын қайдан біледі? Ұшақпен у шашып, ауаға вирус таратады, ішетін суға да қандай да бір сұйықтық қосып жатыр екен» дегеннің бәрі де жалған. Дәйексіз сөзге құлақ түріп, бекерге уайымдап, жүрекке салмақ түсірудің қажеті жоқ. Дегенмен індеттің беті қайтқанымен, әлі де науқастанып жатқандар бар болғандықтан сақтық, тазалық шараларын босаңсытуға болмайтынын да ескерейік!
Қ.Қарасаева
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз