Коронавирус жас-кәрі деп таңдамайды
Коронавирус жас-кәрі деп таңдамайды
Ауру айтып келмейді. Алайда «Сақтансаң сақтайды» дейді. Әсіресе коронавирус індетіне қатысты қазір сауысқандай сақтық керек. Бірақ бұны бүгінде елемей, «індеттің беті қайтты» деген бұқара арқаны кеңге салды. Күні кеше ғана дәріхана мен аурухана алдына тізілген тұрғындар бүгінде бәрін ұмытқандай. Аптаның алты күні той-тойлап, бетперде тағуды да естен шығарды. Алайда аты жаман ауруды бастан өткергендердің оқиғасын тыңдасаң, бір сәттік ойын-күлкіні емес, болашақты ойлар едіңіз...
Тараз қаласының тұрғыны, «ҚР білім беру ісінің үздігі», ұлағатты ұстаз Айман Тілеукеева коронавируспен ауырған күндерін күрсініспен еске алды. Тіпті, осы кесел кесірінен талай таныстары, жақын-жұраттары дүниеден өткенін жеткізді. – Осы жылдың шілде айында ағайындарымның дүниеден өткені туралы қаралы хабар жетіп, Талас ауданы Ақкөл ауылынан Тараз қаласына келдім. Бауыр етім жақындарым болғаннан кейін сырқаттанып жүргенімді де ұмытып, қазан-ошақтың басына жүгіріп кеттім. Одан қалса арасында тағы бір қаза болған ағайынның жылдығына баруға туралы келді. Негізі ауылда жүргенімде сәл суықтап қалған болатынмын. Алайда қалаға келгеннен кейін бойым қалтырап, дене қызуым көтеріліп, бір аптаның ішінде иіс пен дәм сезбей қалдым. Шыны керек, бастапқыда бұл аурудың белгілері қандай болатынын білмегеннен кейін «суық тиген болар» деп үй жағдайында дәрігерге қаралмай, емделе бердім. Бірақ бойымды әлсіздік билеп, дене қызуым түспей қойғаннан кейін балаларым КТ-ға апарып түсірді. Сөйтсек, 50 пайыздық көрсеткішпен өкпем қабынып, екі жақты пневмонияға шалдығыппын. Бірден облыс орталығындағы №13 шағынауданындағы балалар ауруханасында коронавирус індетіне арнайы жасақталған стационарға барып, COVID-19-ға қарсы сынама тапсырдым. Нәтижесі үш күнде белгілі болып, маған коронавирус инфекциясын жұқтырған деген диагноз қойды. Содан облыстық ауруханадағы емдеу бөліміне ауыстырып, сонда 14 күн ем қабылдадым. Шыны керек, қауіпті вирус жұқтырғаным белгілі болғанда көз алдымнан бүкіл өмірім өте шықты. Жасым алпыстың асуына келіп қалғандықтан бұл дертті жеңе алмаймын деп ойладым. Оған қоса күнде жақындарым мен тамыр-таныстарымның арасында коронавирус індетінен көз жұмып жатқандардың көбейгенін естіп, үрейім еселене түсті. Алайда Құдайға мың да бір шүкір. Дәрігерлердің арқасында дер кезінде қабылдаған ем-дом бойыма дарып, дертіме дауа болды. Қазір коронавирустың болжамды екінші толқыны жайлы көп айтылып жатқандықтан сақтық шараларын қатаң ұстанып жүрмін. Дұрыс тамақтанып, жұмыс орныма да, үйіме де күнделікті дезинфекция жасаймын. Дегенмен бұл дертпен бір ауырған адамның бойында бәрібір әлсіздік болады екен. Оған қоса өкпемен байланысты кесел болғаннан кейін көп ентігіп қаламын. Кей кезде есте сақтау қабілетім нашарлап, көзім де көрмей қалып жатады. Сондықтан мен жерлестерімді, бауырларымды коронавирус індетінен барынша сақтануға шақырамын. Той-томалақты ұмытып, өзіңіз бен жақындарыңыздың өмірін ойлаңыздар. Сауық-сайран бір күнде өтеді де кетеді. Ал індетті бір жұқтырсаң, ол бүкіл өміріңе өзіндік ізін қалдырады. Сол себепті бетпердені тастамай, көпшілік жиындардан алшақ жүруге кеңес беремін. Жасы егде тартқан адамдар болса, үйден шықпаса бұл олардың өз өмірлері үшін маңызды, – дейді Айман Дүйсенқызы. Иә, өмірі үшін кеселмен күресіп, бәрін көзбен көріп, бойымен сезінген ұлағатты ұстаз өткен күнді осылай еске алды. Шынында жаның шүберекке түйілгенде өмірдің кеңдігі де қажет болмай қалатындығы белгілі. Сондықтан жақыныңа жанашыр болып, өзің мен өзгенің өмірі үшін сақтық шараларын барынша қатаң сақтайық, ағайын!
Саян ТІЛЕУЖАН