Денсаулық

Мейірбикелерге мың алғыс

Мейірбикелерге мың алғыс

Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мың алғыс!» жалпыреспубликалық акциясын жариялағаны белгілі. Аталған акцияны Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы және облыс әкімдігі «Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілдері, ұлттық мәдени бірлестіктер қызу қолдап, белсенділік танытты. Атап айтқанда олар Құрбан айт қарсаңында әлеуметтік осал топтағы 50 мейірбикеге қайырымдылық пакеттерін таратты. Осыған орай «Достық» үйінде өткен іс-шараны облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесі әдістемелік бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева ашып, жалпыреспубликалық акцияға жамбылдықтардың қосып отырған үлесіне тоқталып, уақытпен санаспай, індет кезінде науқастар денсаулығымен күндіз-түні күрескен дәрігерлер мен мейірбикелерге алғысын білдірді. Бұл шараға 12 ұлттық мәдени бірлестіктер атсалысыпты. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған 50 мейірбикенің тізімі облыс әкімдігінің денсаулық басқармасынан алынған. Мұнан бөлек осы Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының жанындағы «Жаңғыру жолы» еріктілер тобы 100 теңгеге көмекке мұқтаж 7 отбасына 50 келі ет таратыпты. Мұндай қайырымдылық мейірбикелерді де, мұқтаж отбасыларды да қуантатыны анық. Есет Досалы