Денсаулық

Мобильді топтың міндеті жазалау емес, індеттің алдын алу

Мобильді топтың міндеті жазалау емес, індеттің алдын алу

Әлі де болса облыс жұртшылығы «саулық – сақтықта» екенін біле тұра, той -томалақтар мен туған күндерді жасырын өткізіп, көпшілік жерде немесе қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды сақтамау оқиғалары кездесіп отыр. Осындайда батыр Бауыржан Момышұлының «тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген ұлағатты сөзі еріксіз еске түседі. Шектеу шараларын сақтамау бойынша жіберілген кемшіліктер мен құқық бұзушылықтарға әкімшілік айыппұлдар да салынуда.

Әлем халқын толғандырып отырған коронавирустың алдын алу бағытында елімізде, соның ішінде Байзақ ауданымызда ауқымды тірліктер қолға алынуда. Індеттің алдын алу - міндет. Сондықтан, коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында жасалып жатқан тірліктерге қолдау көрсетіп, ауданның әр тұрғыны денсаулықтарына жауапкершілікпен қарайтын уақыт келіп жетті.

Аудан аумағында құрылған мобильді топтар уақытпен санаспай, аудан орталығы мен ауылдық округтерді аралауда. Әлі де болса ел арасында шектеу шараларына немқұрайлықпен қарау, жауапкершілікті сезінбеу деректері кездесуде. Атап айтар болсақ, түймекенттік тұрғын Самаркан Елеукеевтің отбасылық шара, яғни, ас өткізгені, ал, сарыкемерлік тұрғын Пернекул Есимбекова жанұясында беташар ұйымдастырғаны анықталып, оларға 41 670 теңге көлемінде айыппұл салынса, Түймекент ауылының тұрғыны Дастан Джолмаханов «Центральная №1» азық-түлік дүкеніне бетперде (маска) тақпай барғаны үшін айыппұл төледі. Мұндай оқиғалар басқа да елді мекендерде көптеп кездескен. Байзақ ауылындағы «Тұлпар» дүкеніне барған Нариман Сайфатов, мал базарында жүрген үлгілілік тұрғын Ағыбай Нурбеков пен бурылдық тұрғын Ғабит Махамбетов те бетперде (маска) тақпағандары үшін әрқайсысына 83 340 теңге көлемінде айыппұл салынған. «Алматы-Ташкент» күрежолы бойында орналасқан «Тау-Дос» дүкенінің сатушысы Ботакоз Ерханова, Бурыл ауылындағы «Дана» дүкенінің сатушысы Гулара Усманова, Кеңес ауылындағы «Азия» дүкенінің сатушысы Жулдыз Асембаева қорғаныш құралдарынсыз, қолғап пен бетпердесіз (маска) тұтынушыларға қызмет көрсеткені анықталған. Олар да жауапкершілікті сезінбегендері үшін айыппұл арқалады.

Өткен 5-7 желтоқсан күндері аралығында мобильдік топтармен, 11 елді мекенде (Бурыл, Көктал, Байзақ, Қызыл жұлдыз, Жетібай, Құмжота, Қарасу, Қеңес, Сарыкемер, Түймекент, Қостөбе) үй карантинінде тұрған жүз азамат бақылауға алынып, оларға түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.