Денсаулық

Мобильдік топтар «мүлгімеуі» тиіс

Мобильдік топтар «мүлгімеуі» тиіс

Батпандап кірген аурудың мысқылдап шығатынын күллі адамзатқа коронавирустық инфекцияның өзі-ақ дәлелдеп берді. Әзірге дауасы табылмаған дертті асқындырмаудың, кеңінен таралуына тосқауыл болудың бірден-бір жолы сақтық шараларын ұстану екені әмбеге аян. Күз айларындағы тұмаудың қайта өршуімен аталған індеттің де екінші толқыны қауіп төндіріп тұр. Әйтсе де осы бір сындарлы сәтте бейқамдық пен өткен күннің ащы сабағын естен шығарудың белең алуы алаңдатады.

Апта басында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі штаб отырысында дәл осы мәселе күн тәртібіне қойылды. Аталған жиынға құқық қорғау органдарының басшылары, облыс әкімінің орынбасарлары, Тараз қаласы мен аудан әкімдері және медициналық мекекемелердің бас дәрігерлері қатысты. Жиында жасаған баяндамасында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталды. Басқарма басшысының айтуынша, соңғы аптаның өзінде КВИ-ді жұқтырудың 19 дерегі анықталыпты.

Ал, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейли Мүлікова өңірдегі коронавирустық инфекцияның таралу деңгейі, мониторингтік және мобильдік топтардың қызметі жайында мәлімдеді.

Өз кезегінде облыс әкімі мобильдік топтардың заңбұзушылық анықталған нысандардың небәрі 5 пайызына ғана шара қолданғанын тілге тиек етіп, топ жұмысының әлсіздігін сын тезіне алды. Сәйкесінше, Тараз қаласы мен Сарысу, Мойынқұм, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарының әкімдерінен осы жағдайға қатысты жауап алып, оларға мобильдік топтардың жұмысын қатаң бақылауды тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевқа мобильдік топтармен тексерістерді жиі өткізу, БАҚ арқылы коронавирустық инфекциядан сақтану шаралары бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді назарға алу міндеті жүктелді. Мұнан бөлек, ауруханалар мен емханалардың, дәріханалардың коронавирустық инфекцияның ушығуына дайындығын зерделеуге қоғамдық ұйымдарды тартуды ұйымдастыру жайы да сөз болды.

  Шынболат КҮЗЕКБАЕВ