Денсаулық

«Науқастың соңынан дәрігер жүгіруі керек»

«Науқастың соңынан дәрігер жүгіруі керек»

Дертіне дауа іздеген науқастарды қабылдауда медицина мамандары ең бірінші кезекте жылы қабақ танытуы қажет. Білімді, тәжірибелі болуымен қатар дәрігердің бойынан мейірім, жанашырлық сезіліп, барлық уақытта өзінен көмек сұрап келген адамға қол ұшын созуға дайын екенін білдіруі керек. Науқастарды ары-бері сандалту, бюрократтық кейіп таныту ақ халаттылардың атына сын, арына дақ. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев облыстық перинаталдық орталықта медицина мекемелерінің басшыларымен кездесу барысында осы мәселеге баса тоқталды. – Біздің кездесуіміздің басты себептерінің бірі – жылдың қалай аяқталатынын саралау, берілген тапсырмалардың орындалуына назар аудару. Халықтың денсаулығын жақсарту, ел ішінде науқастар санын көбейтпеу, елді жаппай ПТР тесттен өткізу арқылы індет жұқтырғандарды анықтап, оларға ем-дом жүргізу, – деді Бердібек Машбекұлы.

Өңір басшысы аймақтың денсаулық сақтау саласын жоғары деңгейге жеткізу басты міндет екенін, сол үшін медициналық мекемелердің материалдық базасын жақсартуға көңіл бөлініп отырғанын, Тараз қаласында облыстық онкологиялық аурухана, көп салалы аурухана, диагностикалық чекап салу арқылы облыс орталығын үлкен медициналық кешенге айналдыру көзделіп отырғынын тілге тиек етті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өңірде бірталай іс тындырылған. Кадр тапшылығын жою мақсатында өңірге 194 жас маман келсе, оның 76-сы – қалаға, 118-і ауылдық жерлерге жұмысқа орналасыпты. Оның ішінде 98 маманға әлеуметтік көмек көрсетіліп, 15-і тұрғын үймен қаматамасыз етіліпті. 14 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, бірқатар медициналық мекемеге көлік құралдары беріліп, заманауи құрылғылармен жабдықталған. Жаңа туған нәрестелерге арналған инкубатор, неонаталды монитор, фототерапия аппараты, отоаккустикалық эмиссия аппараттары және нәрестелерге арналған фибробронхоскоп, кардиотокограф жабдықтар сатып алыныпты. Денсаулық сақтау саласының қызмет сапасын арттыруға барынша қолдау көрсетіліп жатқанымен, кейбір дәрігерлердің бойынан адамгершілік қасиет жоғалып барады. Танысының өтінініші бойынша немесе ақша берген пациентке жанын салып қарайтын, ауруды алалайтын ақ халаттылар арамызда бар, өкінішке қарай. Осыны мәселе етіп көтерген Бердібек Машбекұлы әлеуметтік желі арқылы шағымданатын өңір тұрғындарының уәжі көбіне денсаулық сақтау саласының қызметіне қатысты екенін ашып айтты. Бұл халық үніне құлақ асатын мемлекет құруда үлкен кедергі болатынын сынға алды. Мәселен шақыртумен келген жедел жәрдем қызметкері бір науқасты ауруханаға апармай, жеңіл-желпі ем-дом жасап кетіп қалғаны, оны туыстары ауруханаға өздері алып барғанда жағдайы өте ауыр болғаны, кейбір дәрігерлердің ауданнан келген науқасты қабылдамай, кері қайтаратыны секілді толып жатқан адами тұрғыдағы кемшіліктерге дәрігерлер жиі бой алдыратынына қынжылды. – Облыстың медицина саласының ақуалы ақ халаттылардың дәрігерлік этикасы мен білім-білігіне байланысты. Мемлекет тарапынан бұл сала тиісті деңгейде қаржыландырылып келеді. Сөйте тұра кейбір емдеу ұйымдарында бинт тапшы. Негізінен менің әлеуметтік желіде арнайы парақшам бар. Тұрғындар сол жерге өз шағымын жазады. Мен оның анық-қанығына зерделеу жүргіземін. Тараздағы бір ауруханада қарапайым бинт пен лейкопластердің тапшылығын қала тұрғыны мәселе етіп көтерді. Ал «СК-Фармация» компаниясының өкілдері бәрі жеткілікті деп отыр. Мен де кей кездері елмен бірдей ем алып тұрамын. Сол кезде сапасы нашар бинттер болғанын өзім де көргенмін. Медбикенің бинтсіз келгеніне де куә болған жайым бар. Осыдан кейін тұрғындар шағымына сенбеске амалым жоқ. Осы Таразда бір емдеу мекемесінде шұғыл медициналық көмек қажет болған науқастың жарасын таңатын бинт таппай қалып, орнына мата пайдаланған. Осы жайтқа мына заманда сенгің келмейді. Осы және өзге де шағымдар бойынша көтерілген мәселелерді комиссия арнайы тексеретін болады, – деді Б.Сапарбаев. Басқосу барысында Б.Сапарбаев облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Абай Нұржанов, қалалық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Нұрлан Абілдаев секілді бірқатар өзге де емдеу ұйымдарының бас дәрігерлерінен жауап алды. Жиын соңында аймақ басшысы науқастарды сергелдеңге салуды, бюрократияны доғару керектігін баса айтып, қазіргі заман талабы бойынша медициналық мекеменің және дәрігердің абыройы мен беделі, жұмыс нәтижесі сол мекеме қызметіне жүгінген пациенттер санымен өлшенетінін меңзеді. Мемлекет есебінен бөлінетін қаржы осы критерилер арқылы да қаралатынын айта келе, дәрігердің артынан науқас емес, науқастың артынан дәрігер жүгіруі қажет екенін ескертіп, салада кездесетін басқа да кемшіліктерді жою жөнінде тиісті адамдарға арнайы тапсырма берді.

  Нұрым СЫРҒАБАЕВ