Әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны абзал
Әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны абзал
Қадірлі жерлестер!
Өздеріңізге белгілі, қазіргі уақытта әлемде коронавирус індетіне қатысты жағдай тұрақсызданып келеді. Көрші мемлекеттерде, Еуропа, Азия елдеріндегі ахуал туралы баспасөз беттерінен көріп жүрсіздер.
Өкінішке орай, дерттің таралу қаупі бізде де сейілмей тұр. Ауру жұқтырғандар туралы мәліметтер келуде. Жамбыл облысында наурыз айынан бері дертке душар болғандардың саны 4 100-ден асты. 61 жерлесіміз көз жұмды. Маусым, шілде айларындағы жағдай әлі есте. Сол сәттен бері бірнеше айдың жүзі өтті. Жұрт қауіпсіздік ережелеріне қайтадан бей-жай қарай бастағаны байқалады. Көшеде бетперде кию мүлде ұмытылып кеткен секілді.
Қоғамдық көліктерде де адам лық толы жүреді. Ал ішіндегі жолаушылардың маска кимейтіні көңілге қаяу түсіреді. Мектептерде де санитарлық талаптар сақталмай келеді. Кіреберістегі залалсыздандыру өткелдері бар, бірақ біразы жұмыс істемейді. Бір сыныпта отыратын оқушылар санына қатысты талап орындалмайды. Балалар бетпердесіз жүргенін көрдік. Бұл мектеп әкімшілігінің, ата-аналардың жауапсыздығы деп білемін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір той тойлайтын уақыт емес» деген еді. Енгізілген шектеулерге қарамастан, туған күн, үйлену, ұзату, мерейтойлар әлі де өткізіліп жатыр. Мейрамхана иелері түрлі айла-тәсілдер қолданып, есікті іштен жауып алуды шығарған. Келген қонақтардың көлігі топталып тұрмасын деп, «мейрамханадан арырақ қойыңыздар» деп амалдап жүр. Әрине, коронавирустың салдарынан табыстан қағылып отырғаны түсінікті. Бірақ әрқайсымыз адам денсаулығынан, өмірінен артық ештеңе жоқ екенін түсіну керекпіз.
Күзгі мезгіл тұмаудың өршитін кезі. Сондықтан ол ауруға қарсы екпе салу керектігіне баса мән беріліп жатыр. Қазіргі уақытта облыста вакцина алғандардың үлесі 20 пайыздан сәл асып тұр. Бұл өте аз. Әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны абзал.
Қазіргі кезде дәрі-дәрмектің қажетті қорын қалыптастыруға немқұрайлы қарауға болмайды. Ауру қысып, ем табылмай қалса, қиын болады. Сондықтан бар мәселені ашық айтуға шақырамын. Өзімізді өзіміз алдағаннан ештеңе ұтпаймыз.
Құрметті жерлестер!
«Бірінші байлық денсаулық» деп бекер айтылмайды. Әркімнің денсаулығы бірінші кезекті өзіне байланысты. Сақтанып жүріңіздер. Бетперде киіп, әлеуметтік ара қашықтықты сақтауға шақырамын. Бұл сынақтан да сүрінбей өтерімізге сенімдімін. Санитарлық талаптар туралы ұмытпайық.