«Шыны балаларды» емдеудің жаңа әдісі енгізілді
«Шыны балаларды» емдеудің жаңа әдісі енгізілді
Жетілмеген остеогенез – сирек кездесетін генетикалық ауру. Мұндай дерті бар адамдардың сүйектері тіпті қатты жөтелсе де сына береді. Сондықтан ел ішінде мұндай жандарды «шыны адамдар» деп те атайды. Қазақстанда бүгінгі таңда осы диагнозбен барлығы 16 жасқа дейінгі 80 бала тіркелген.
Сүйектердің тез, әрі жиі сынуымен сипатталатын генетикалық ауытқудың кесірінен мұндай жағдайда пациенттің сүйек құрылымындағы маңызды ақуыз – коллаген мөлшері жеткіліксіз немесе сапасы тиісті нормадан төмен болады. Осы жетімсіздік салдарынан әлсіз сүйек сәл бір шалт қимылдың өзінен морт сынады. Табиғаты генетикалық тұрғыдағы ауру тұқым қуалайды. Дегенмен, кенеттен мутацияға ұшырайтын жағдайлар да кездеседі. Жалпы, 10 мыңнан 20 мыңға дейінгі адамдар арасында 1 науқас қана жетілмеген остеогенезге шалдығатындықтан, бұл дертті сирек кездесетін, яғни орфанды аурулар қатарына жатқызады.
Негізінен, дертке шалдыққан науқастарға көмек көрсетудің 5 негізгі элементі бар. Алғашқысы, ДНК-диагностикасының жасалуы. Бұл – тиісті терапия таңдауға мүмкіндік беретін аса маңызды қадам. Өйткені, осы арқылы сырқаттың түрі анықталып, әрі қарай консервативтік емнің жолы қарастырылады. Екіншісі, хирургиялық әдіс. Ал хирургиялық операция жасалмастан бұрын балаға консервативтік, яғни дәрімен емдеу беріліп, көктамырдан тамшылату арқылы ағзаға барған инфузиялық ерітінді сүйекті ең төмен дегенде 50 пайыздық қатаюына жеткізуі шарт. Операциядан кейін медициналық оңалту, психологиялық оңалту мен қолдау және әлеуметтік көмек қажет. Осы бес элемент үзілместен нәтижелі өткен уақытта пациенттің өмір сүру сапасы жақсарып, орнынан тұрып, өз бетінше жүретін жағдайға, қалыпты тіршілік етуге жол ашылады.
Жамбыл облысында жетілмеген остеогенезбен ауыратын 8 бала тіркелген. Қазіргі уақытта Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының травматология және ортопедия бөлімшесінде 2 шыны бала емделуде. Біріншісі - 1 айлық сәби, оның туыла сала жамбас сүйегі сынған. Бұл дертке шалдыққандардың жас мөлшері неғұрлым кіші болса, айығып кету мүмкіндігі соғұрлым жоғары. Әрі сүйегі қатаймағандықтан, препараттарды жақсы қабылдай алады.
Екінші пациент - 3 жасар Алихан. Оның анасы баласының сүйектерінің бірнеше рет сынғанын айтты. «Ұлымның қолы перзентханада босанып жатқанымда-ақ сынды. 6 рет операция жасалып, сүйектерді сынбайтындай етіп темірмен бекітіп қойған, бірақ ол сүйектің өсуін тежейді. Соңғы рет ағымдағы жылдың қаңтар айында аяғын сындырды. 3 ай сайын осы ауруханаға келіп, памидрон қышқылымен ем аламыз. Сырқатпен күрестің кешенді жүргізілуі бізге үлкен үміт сыйлап отыр. Бізді бақылауға алып, кез келген уақытта аянбай көмек көрсетіп жүрген барлық дәрігерлерге мың алғыс», - дейді баланың анасы.
Бүгінде Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасында бүлдіршіндердің бойындағы сирек кездесетін сырқаттарды дер кезінде анықтап, уақытында тиімді емдеу шараларын жүргізуге барынша жағдай жасалған.
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз орталығы