Таразда COVID-19 жұқтырғандарды оңалту орталығы ашылды
- авторjambylinfo.kz
- 20 тамыз, 2020
- 504
Соңғы күндері әлемді алаңдатқан жұқпалы дерттің беті қайта бастағаны байқалады. Өңірде бұл аурудан 3454 адам жазылып шыққан. Дегенмен олар әлі де болса дәрігерлердің бақылауында бола бермек. Осыған орай облыс орталығында COVID-19 науқастарына арналған оңалту орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев барып, ондағы жұмысы барысымен танысты, – деп хабарлайды "Jambylinfo" ақпарат агенттігі.
Орталық Тараз қаласындағы «Атлетик» спорт кешенінің ғимаратында «Ана мен бала» облыстық орталығы базасында жұмыс істейді. Медициналық мекеме қажетті қондырғылармен жабдықталған. Мұнда Қазақстан мен Литвада кәсіби дайындықтан өткен білікті мамандар тартылған. Сондай-ақ жұмысты жандандыру үшін Алматыдан да дәрігерлер шақыртылған.
– Медициналық оңалтудың міндеті – физиотерапия, емдік дене шынықтыру және басқалар секілді дәстүрлі, альтернативті медицина көмегімен дененің бұзылған функциялары мен науқастың денсаулық жағдайын барынша қалпына келтіру. Мамандар тыныс алу жүйесін қалпына келтіру, ағзаның күйзеліске орнықтылығы, науқастардағы стрессті, мазасыздықты немес депрессияны жеңу бағытында жұмыс жүргізуде, – деген орталықтың бас дәрігері Динара Карибаева мұнда науқастарды портал арқылы қабылдайтындықтарын жеткізді.
Күніне 200 адамға дейін амбулаториялық қабылдау жүргізе алатын оңалту орталығына жолдама беруді құрамына қоғам өкілдері енген комиссия жүзеге асырмақ. Онда жататындардың қатарында короновируспен ауырып емделген медицина қызметкерлері де бар. Қазірдің өзінде олар орталықтан оңалту және психологиялық көмектерді алу үстінде.
Орталықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мекемеге алдымен жұқпалы дерттен жазылып шыққан дәрігерлерді, егде жастағы және осы дерттің белгілері табылған созылмалы ауруы бар азаматтарды жатқызу қажеттігін баса айтты. Себебі қазіргі таңда қауіпті вирус қауқарын бәсеңдеткенімен күзде екінші толқыны болуы мүмкін деген болжамдар да айтылып жатыр. Сондықтан әуелі медицина мамандарының денсаулығына баса көңіл бөлген абзал.
– Расында, қауіптің беті әлі де сейілген жоқ. Ашығын айту керек, дертпен күресеміз деп жүріп оңалту орталығының жұмыстарын кейінге қалдырып алдық. Себебі, ауру араға салып қайтадан өршуі бек мүмкін. Егер науқас ауруханадан шыққан соң оңалту орталығында емін жалғастыратын болса дертті толық жеңеді. Бұл бүгінгідей уақытта бізге ауадай қажет дүние. Сондықтан біз коронавирустың екінші толқынына сақадай сай болуымыз тиіс. Бүгінгі күні біздегі басты мақсат – халықтың иммунитетін көтеру. Оның ішінде, аурудан айыққандардың жағдайын назарда ұстау керек. Алдағы уақытта бұл орталықтың жұмысын жүйелеп, аудан орталықтарында да бөлімшелерін ашуды ойластыру қажет, – деді Бердібек Машбекұлы.
Орталықтың жұмысымен танысып, ондағы ем қабылдаушылармен кездескен аймақ басшысы «Атлетик» спорт кешенінің Манарбек Ағайдаровқа бірқатар тапсырмалар жүктеп, медициналық мекемеге көмек беру керектігін айтты. Сондай-ақ ем қабылдаушылардың туыстарымен кездестіруге болмайтынын да тілге тиек етіп, мекеменің жұмысына көңілі толатынын білдірді.
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз