Әулиеата медицинасының әлеуеті қандай?
Әулиеата медицинасының әлеуеті қандай?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту үшін барлық деңгейдегі медициналық мекемелерді қажетті құрал-жабдықтармен толықтай жарақтандыруды тапсырды. Сондай-ақ Президент шалғай елді мекендердің өзін сұраныстағы мамандармен қамтамасыз етіп, ескірген инфрақұрылымды ауыстыруды міндеттеді. Бұл бағытта әрине әлемдік пандемия басталғаннан бері қыруар жұмыс атқарылуда. Ауруханалар стационарлық үлгідегі емдеу мекемелеріне оңтайландырылып, қажетті құрал-жабдықтар алынуда. Алайда бұл жеткілікті ме?
Материалдық база 81,8 пайызға жаңартылған
Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, 2019-2020 жылдарға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық жабдықталуына бағытталған жалпы қаржы 2 миллиард 433 миллион теңгені құраған екен. Оған 709 медициналық құрал-жабдық сатып алынған. Және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 37 миллион теңгеге 136 дана медициналық құрал-жабдық жеткізілген. Десе де еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі келтірген мәліметке сүйенсек, емдеу мекемелерін қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша облыс 81,8 пайызды ғана көрсетіп отыр. Бұл республика деңгейінде 6-орын. Материалдық-техникалық базасы кенжелеп тұрған мекемелер тізбегінде Тараз қалалық №6, №7, №9, №1 «ZHANUYA» емханасы және Шу қалалық емханасы бар. Ал аудандар арасында Т.Рысқұлов, Меркі, Мойынқұм, Талас және Сарысу аудандары көш соңында қалып келеді.
Облысқа 181 жас маман келген
Кадр мәселесіне келсек, өткен жылға қарағанда медициналық мекемелерді дәрігермен қамту 6,5 пайызға жоғарылаған. Тек Қордай ауданында 0,6 пайызға төмендеген. Сондай-ақ ағымдағы жылы өңірге 181 жас маман келіп, оның 106-ы ауылдық жерлерге жолданған. Мамандарды тұрақтандыру мақсатында 153 маманға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме жәрдемақы берілсе, 77 маманға 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада несие беру мүмкіндігі қарастырылған. Ал жергілікті бюджет есебінен 64 маманға 800 мың теңге көлемінде ақшалай көтермеақы төленген. Бүгінгі таңда 2 маман баспана алу үшін несиесін алып үлгерсе, 3 маман құжаттарын өткізіпті. Ал бірреттік көтерме жәрдемақыға 10 жас маман қол жеткізген. 18 маман құжаттарын рәсімдеп жатыр. Биыл бас-аяғы 14 маман тұрғын-жаймен қамтамасыз етілсе, оның 12-сіне қызметтік үй берілген. Ал 2 маманның пәтер ақысын мекеме төлеп беріп отыр.
Ауылдарда 80 медициналық мекеменің құрылысы жүреді
Елді мекендерде зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 80 емдеу-алдын алу ұйымының ғимараттарының ескіріп, тозығы жеткені және санитарлық нормаларға сәйкес келмейтіндігі анықталған. Бүгінде аталған 80 мекеменің 66-сы жаңа құрылысты, 14-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Жыл соңына дейін 19 нысанның мәселесі шешілетін болса, 20 ауылдағы құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын алу көзделіп отыр. Қалған 41 нысанның құрылысы 2022-2023 жылдарға өтпелі.
Коронавируспен күресу үшін 280 дәрігер резервте тұр
Коронавирустың болжамды екінші толқынына өңір медицинасы дайындықты күні бұрын бастағаны белгілі. Сондықтан қазір емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы мен штаттық әлеуеті айтарлықтай нығайған. Мәселен қажетті құрал-жабдықтарды алуға жергілікті бюджеттен 1 миллиард 600 миллион теңге бөлініп, қазір облыс бойынша 10 компьютерлік томография аппараты жұмыс істеп тұр. Одан бөлек ауыр тыныс алу жетіспеушілігі бар науқастарды емдеу мақсатында өңірге 2 экстракорпоралды мембранды оксигенация аппаратын алу жоспарланған. Сондай-ақ 100 көпфункциялы кереует, 3 қышқылдық-сілтілі жағдайды талдау аппараты және 4 цифрлық рентген-аппараты алынуда. Бұған қоса облыстағы медициналық ұйымдарға 4 оттегі стансасын орнату жоспарланса, 14 өкпені қолдан тыныстандыру құрылғысы сатып алынып қойған. Республикалық бюджет есебінен жедел жәрдем стансасына 66 жедел жәрдем көлігі лизинг бойынша берілсе, өкпені қолдан тыныстандыратын 53 аппарат келеді деп күтілуде. Сонымен қатар ел қазынасынан аймаққа 8 жылжымалы медициналық кешен жеткізілді. Ағымдағы жылдың 21 қазан айындағы жағдай бойынша 5,9 миллиард теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар алынып, 53 күнге жетерлік қор дайындалды. Халыққа үйде медициналық қызмет көрсету, оның ішінде дәрілік заттарды жеткізу үшін медициналық санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдары жанынан 214 мобильдік бригада ұйымдастырылған. Жоспарланған төсек қорына сәйкес, науқастарға 882 дәрігер, 1764 мейірбике және 1764 кіші буын медицина қызметкері қызмет көрсетуге сақадай сай тұр. Одан бөлек қосымша 76 жас маман, жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада оқитын 34 дәрігер-резидент, басқа медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін 20 дәрігер және С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес 150 дәрігер, жалпы 280 маманның резерві жасақталып тұр.
Саян ТІЛЕУЖАН