Денсаулық

Жылжымалы медициналық кешен ауылдарды аралауда

Жылжымалы медициналық кешен ауылдарды аралауда

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше жыл бұрын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аудару қажет. Өткен жылы жаңа әлеуметтік жоба – мамандандырылған емдеу-диагностикалық екі «Денсаулық» пойызы жұмысын бастады. Олар еліміздің ең шалғай түкпірлерінде ондаған мың адамдардың денсаулықтарын тексеріп, ем жасады. Қазақстан үшін көліктік медицина өте көкейкесті, сондықтан біз оны дамытатын боламыз» деп атап көрсеткен-ді. Әр сөзімен іргелі істерге із ашатын Нұрсұлтан Әбішұлының бұл тапсырмасының бүгінде іс жүзінде орындалуының нақты нәтижесі де көріне бастады, – деп хабарлайды Jambylinfo.

Мәселен ағымдағы жылдың 13-ақпанынан бастап бүгінгі күнге дейін Талас аудандық орталық ауруханасының жылжымалы диагностикалық медициналық кешені аудан тұрғындарына алғашқы диагностика мен бейінді мамандардың мамандандырылған консультативті-диагностикалық (хирургиялық, стоматологиялық, офтальмологиялық қарау) қызметтерін көрсетуде.

Тамды, Ақкөл, Аққұм, Бостандық, Шәкіров, Ойық, Көшек, Бөлтірік,Үшарал , Талапты ,Тамабек ,Тұрымқұл, Көктөбе , Сейілбек , Қайыр , Арал, Қызыләуіт, Көктал, Қарой, Есейхан, Қасқабулақ, Майтөбе, Арыстанды, Түркістан, Үшбас, Байқадам, Жайылма, Қызыл Дихан, Маятас, Түгіскен, Шағалалы, Досбол, Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл, Ақтоған, Жаңаарық секілді барлығы отыз сегіз ауылдың тұрғындарына және Қаратау қаласында эпидемиологиялық режимге сәйкес 47750 адамға медициналық көмек көрсетті. Жүрек-қантамыр ауруымен 64 адам анықталса, 101-ден астам жанға басқа сырқат түрлері қойылып, олар емделуге жіберілді. Ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Жылжымалы кешеннің қызметін мыңдаған тұрғын пайдаланды. Жылжымалы дәрігерлік қызмет көрсететін кешен бірнеше бағыт бойынша жұмыс жасауда. Атап өтер болсақ, кешен қызметкерлері тек медициналық қызмет көрсетумен ғана шектелмей, қазіргі таңдағы аса қауіпті инфекциялардың, маусымдық аурулардың алдын алу, тұрғындардың сақтануы, қауіпсіздік шараларын ұстануы және салауатты өмір салтын қалыптастыруы туралы ақпараттық жұмыстарды жүргізді.