Экономика

1,2 млн қазақстандыққа салық өсімпұлын төлемеуге тағы бір мүмкіндік беріледі

1,2 млн қазақстандыққа салық өсімпұлын төлемеуге тағы бір мүмкіндік беріледі

2020 жылғы 2 шілдедегі Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық қайта ұсынылып отыр. Яғни, былтыр мерзімі өтіп кеткен салығын төлемеген азаматтар берешектің негізгі сомасын өтесе, үстіндегі өсімпұлы кешіріледі. Бұл жайында Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Жалпы, 2019 жылғы салықтық рақымшылықтың арқасында 1,24 млн адамның 60,9%-ы мемлекет алдындағы қарызынан құтылған. Жеке тұлғалардың 30,1%-ы әлі күнге дейін салық қарыздарын төлеген жоқ. Бұл азаматтардың негізгі қарызын қосқанда 6,2 млрд теңге болса, өсімпұл сомасы 3,4 млрд теңгені құрайды. Міне, қарыз адамдар 31 желтоқсанға дейін негізгі салықты төлесе, үстіндегі 3,4 млрд теңгесі автоматты түрде жойылады.

2019 жылы Қазақстанда жалпы саны 755,7 мың жеке тұлға салық рақымшылығын пайдаланған. Олар 15,9 млрд теңге мөлшерінде негізгі қарызды төледі және 3,1 млрд теңге сомасындағы өсімпұл есептен шығарылды. Болжам бойынша 2020 жылы салық рақымшылығын шамамен, 1,2 млн азамат пайдаланады. Сөйтіп бюджетке 12,7 млрд теңге төленеді де, 4,3 млрд теңге көлеміндегі өсімпұл есептен шығарылады. Салықтық берешегінің бар-жоғы туралы мәліметті ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы сілтеме (http://kgd.gov.kz/ru/app/culs-taxarrear-search-web) арқылы немесе «eSalyq mobile» (AppStore, PlayMarket) мобильді қосымшасы бойынша тексеруге болады. Абай Сейфулла