жексенбі, 29 қыркүйек, 2024 6:31

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ақкөлдіктер енді алаңсыз ұйықтайды

Ақкөлдіктер енді алаңсыз ұйықтайды
ашық дереккөзі
Ақкөлдіктер енді алаңсыз ұйықтайды

Облыс аумағындағы 121 су қоймасының жетеуі «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына тиесілі болса, сегізі жекенің иелігінде. Қалғанына «Жамбыл су қоймалары» мекемесі жауапты. Бұл су қоймаларының дені кезінде өңірде егіс алқабын суарып, басқа да өнеркәсіп түрлерін дамытуда ағын су тапшылығы мәселесін туындатпау мақсатында таудан келетін өзен суын реттеп, оны тиімді пайдалану үшін салынған жасанды көлдер. Бүгінде аталған су айдындарындағы бөгеттердің тозығы жеткені біртіндеп жаңартылып, жағалаулары биіктетіліп, қалпына келтірілуде.

Мәселен осы жылдың өзінде «Жамбыл су қоймалары» мекемесіне тиесілі Байзақ ауданындағы «Дәуітбай», Меркі ауданындағы «Кіші Арал», «Көлтоған», «Аспара-3», Талас ауданындағы «Жәдік» су қоймаларын жөндеу үшін қазынадан 81 миллион теңге қаралыпты. Қазіргі уақытта Байзақ ауданындағы «Дәуітбай» су қоймасы мен Талас ауданындағы «Жәдік» су қоймасының жөндеу жұмыстары толық біткен. Ал Меркі ауданындағы «Кіші Арал» су қоймасында жұмыс 30 пайызға, «Көлтоғанда» 70 пайызға аяқталған. «Аспара-3» су қоймасында жұмыс қолға енді алынатын көрінеді. Бұдан бөлек «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Жуалы, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Талас аудандарындағы бас-аяғы 10 су қоймасын жөндеу үшін бюджеттен 129,6 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары тамыз айында басталса, аяқталу мерзімі қазан айына жоспарланған екен. Сонымен қатар «Қазсушар» республикалық кәсіпорнына тиесілі «Тасөткел» және «Ақкөл» су қоймаларына да облыс әкімдігі құрылыс басқармасы жөндеу жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Соның ішінде «Ақкөл» су қоймасына қазына қаржысынан 695 миллион 917 мың теңге бөлініпті. Нысанның құрылыс жұмысын «АрайСтройМаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. – «Ақкөл» су қоймасы бөгетінің ұзындығы 195, ені 8 метр. Бөгетті толық автоматтандырғанда судың деңгейі 4 метрден 10 метрге дейін өзгеріп, су жіберу мүмкіндігі секундына 10 текше метрді құрайды. Кері сүзгі құрылғысы арқылы жоғары және төмен беткейлерді 120 мың текше метрге дейін созу жоспарланған. Жөндеу жұмысына 20 ауыр техника, 30 шақты адам жұмылдырылуда. Маусым айында қолға алынған бөгетті жөндеу жұмысы қазіргі таңда біршама еңсерілді. Қараша айында толық аяқталады, – дейді серіктестік директоры Мұратбек Есібаев. Жалпы бұл су қоймасының пайдалануға берілгеніне 50 жылға жуықтаған. Бөгет толық қалпына келтірілген соң су қоймасына 264 миллион текше метр суды емін-еркін жинауға болады. Сондай-ақ компьютерленген құрылғы арқылы судың деңгейін бейнебақылауда ұстауға да мүмкіндік туып отыр. Осыдан үш жыл бұрын «Ақкөл» су қоймасына секундына 150 текше метр су келіп, су қоймасы кемеріне келгендіктен мамандар осыншама мөлшердегі суды шлюзден жіберуге мәжбүр болған. Сол кезде етектегі Ақкөл ауылын су шайып кету қаупі төніп, кейбір тұрғын үйлер мен қора-қопсыларды су басқан еді. Төтенше жағдайдың алдын алуға барлық құзырлы мекеме атсалысып, тіпті Ұлттық Ұлан сарбаздары да Аса өзенінің жағалауына қап-қап топырақ тасығаны, 500-ден астам адам бір ай арпаласып, сел қаупін әзер ауыздықтағаны есте. – Осыдан 3-4 жыл бұрын ағын судың мол болуынан Аса өзені арнасына сыймай, «Ақкөл» су қоймасының бөгетін бұзып кетудің сәл-ақ алдында тұрды. Ауыл ішінен өтетін өзен суы да арнасынан асып кете жаздады. Сол кезде бөгет шыдас бермей, жырып кеткенде ауылды су шайып кетер еді. 1971 жылы салынып, жағалауы жел мен судың екпінінен, күн көзінен желініп, бетоны мүжілген су қоймасының бөгетіне жөндеу жұмыстары енді жүргізіліп жатыр, – дейді Ақкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бейіс Сейдуанов. Бүгінде ауыл ішін кесіп өтетін осы Аса өзенінің 3 мың 200 метрді құрайтын екі жағалауы биіктетіліпті. Осыншама қашықтықтағы өзен арнасының қамысы орылып, тереңдетілген. Ағын суға кедергі келтіретін қоқыс, тал-дарақ түгел тазартылған. Тұрғындар қолға алынған осы істің арқасында «Көктем сайын үйімізді су шайып кете ме?» деп үрейленетін көкейдегі күдіктен арылатын болдық» деп отыр.

Нұрым Сырғабаев

 
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар