Экономика

"Алқаптан сөреге дейін" жобасы аясындағы жәрмеңке

"Алқаптан сөреге дейін" жобасы аясындағы жәрмеңке

Бүгін Тараз қаласындағы «Grand Passage» сауда кешенінің алаңында және коммуналдық базарда Жамбыл, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Байзақ, Жуалы аудандары мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде агроқұрылым өкілдерінен бөлек «Алқаптан сөреге дейін» жобасына қатысушы жеке кәсіпкерлер де өз өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынды. Аталған шараға арнайы келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев орынбасары Берік Нығмашевпен бірге сөрелерді аралап көріп, шаруалармен тілдесті. Сондай-ақ, тауарлардың сапасына баса назар аударып, қойылған бағалардың тұрақты болу керектігін атап өтті. Жалпы жәрмеңкеде ұсынылған өнімдердің құны 114,5 млн. теңгені құраса, көлемі 90 тонна. Оның ішінде 8,9 тонна ет, 1,5 тонна шұжық өнімдері, 2,0 тонна сүт өнімдері, 5 мың дана жұмыртқа, 0,2 тонна кондитерлік өнімдер мен 2,0 тонна макарон өнімдері, 0,1 тонна тұз, 3,3 тонна балық, 2 тонна қант, 1 тонна ұн, 0,8 тонна бал және 63,1 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар. Айта кету керек, бүгін «Ауылым - алтын бесігім» жобасы аясында Т.Рысқұлов ауданында - Байзақ, Жамбыл ауданында - Жуалы, Қордай ауданында -Меркі аудандарының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.