Еңбек қиындығымен бірге қуанышын да ала келеді. Еңбекпен тапқан нан тәтті. Еңбек – тіршілік бұлағы. Күреңбел ауылындағы іссапарымызда ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Ғалимұрат Қойтанов бізді ауылдағы диқаншылықпен айналысатын еңбекқор отбасының біріне ертіп барды. Ол – Ербол-Ұлжан Тілесовтер жанұясы. Отағасы алдымыздан шығып, жылы қарсы алды. Танысып, келген жұмысымызды айтқан соң, Ербол аға бізді бірден бау-бақшаға қарай бастады.
Ауылдағылардың негізінен бау-бақшалары кең. Бірақ көбі кәделеріне жарата алмай, шөп басып жатады. Ал, Ербол мен Ұлжанның бау-бақшасын көріп көзің тояды. Бау-бақшаның кіреберісіне қызанақ, балгар бұрышы, кәді, қырыққабат, аскөк, қысқасы не керек бәрі бар. Әрі қарай қияр мен картоп, соңында асқабақ егіліпті. Көрер көзге сондай әдемі көрінген іске қаншама еңбек жұмсалатыны айтпаса да түсінікті.
Бұған дейін жерлеріне бір жылы құлпынай, былтыр қияр егіп ауылды қамтамасыз етуге жетерліктей өнім алыпты.
Ербол ағаның шаңырағына келе жатқанда Ғалимұрат аға бұл отбасының тұрмыс-тіршілігі жайлы қысқаша айтқан болатын. Яғни, еңбекқорлығы, ауылдағы көпбалалы, үлгілі отбасының бірі екендіктері жайлы әңгімелеген.
Ербол аға қант диабеті диагнозымен ауыратындықтан ІІІ топтағы мүгедектігі бар екен. Ал, отанасы бес ұл-қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырған аяулы ана.
- Ербол екеуміз 1997 жылы отау құрдық. Содан 2008 жылға дейін ата-енеммен бірге қара шаңырақта тұрдық. Атамыз малшы болған, қарапайым кісі еді. Ал енем кең пейілді, еңбекқор, адамгершілігі мол тамаша жан еді. Аузынан айналайын деген жылы сөзі түспейтін. Бүкіл ауыл ол кісіні «айналайын апа» деп атайтын. Көзін көрген кісілер қазір де «Айналайын апаның келінісіз ба?!» деп ол кісі туралы жақсы естеліктерін, тілектерін айтып жатады. Апамның кеңпейілділігі сондай көше аралап жүретін сығандарға дейін қымызын, жаңа піскен нанын дастарқанға қойып, дәм татқызатын.
Жолдасым денсаулығы бар кезде сыртта фирмаларда күзетші болып еңбек ететін. Қазір үйде, бала-шағамызбен мал асырап, диқаншылықпен айналысамыз.
Өзім Жетісайдың қызы болғандықтан, диқаншылыққа жақынмын.
Мамандығым – тарих пәнінің мұғалімі. Қазақ педагогикалық университетін тамамдадым. Өз ауылымда 10 жыл мұғалім болып еңбек еткенмін. Тұрмысқа шыққан соң бала тәрбиесімен үйде отырдым.
Былтыр «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бизнес-Бастау» курсын аяқтадым. Бизнес тренеріміз Жазира Тоқабаеваға алғысым шексіз. Отбасы-ошақ қасында отырған біздерге бағыт-бағдар беріп, көп нәрсені үйретті. «Қарап отырмаңыздар. Қазір нарық заманы, заманға сай еңбек ету керек. Тек тірлікке деген құлшыныс, ықылас болса, адамның қолынан бәрі келеді» деп бізді жігерлендірді. Нәтижесінде былтыр 505 мың теңге грант ұтып алып, оған 100 қаз сатып алдым. Қаздың жұмысы ауыр екен, жем де шақ келмейді. Бірақ еңбегіміз еш кеткен жоқ. Қаз әсіресе, қыста қатты семіреді екен. Семіртіп, сатып пайдасын көрдік. Енді биыл тұқымға аз ғана алып қалдық. Аздап малымыз бар.
Басымызда баспанамыз жоқ. Қазір тұрып жатқан үйіміз кісінікі. Алла қаласа, үй салсақ деген жоспарымыз бар.
Бау-бақша егудің пайдасы да жақсы. Осы еңбегімізбен балаларды оқытамыз, киіндіреміз. Бірақ жыл он екі ай қолыңда қаражатың болмайды. Сондықтан жылыжай салсақ деп армандаймыз. Жылыжай салсақ, онда жұмыс істеу қолымыздан келеді. Бір жағы өзімізге жыл бойына жұмыс болар еді. «Шіркін, Үкіметтен қолдау болса!» деген тілегіміз бар. Кепілдікке қояр үйіміз болмағандықтан, екінші деңгейдегі банктерден несие ала алмаймыз. Жеңілдетілген несие немесе грант болса ...
Балаларымыз шетінен еңбекқор. Жанымызда жүріп көмектеседі. Алма теріп, қақ жасайды, қаз бар, мал бар дегендей бәрі тірлікке жақсы.
Тұңғышымыз Жібек Абай атындағы мемлекеттік университетін бітіріп, магистратураға тапсырды. Мамандығы – психолог. Алтынайымыз педагогикалық колледжді бітіріп, ол да құжаттарын Абай атындағы мемлекеттік университетіне тапсыруда. Ұлымыз Ақынтай журналист болуды, ҚазҰУ-ға түсуді армандайтын. Бірақ ҰБТ-дан 64 балл жинап қалды да, амал жоқ ТарМУ-ге тапсырды. Ақынтайды кішкентайынан сөз өнері бәйгесіне қостық. Өзінің ақындық өнері бар. Талай аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
Ондан кейінгі қыздарымыз Айару 7 сыныпта, Шұғыла 4 сыныпта оқиды.
Балалардың сабағын қатты қадағалаймын. Бар бақытымыз, байлығымыз – балаларымыз. Осылар білімді, еңбекқор, өмірде жақсы азамат болса екен деп тілейміз, келешектеріне үлкен үміт артамыз,- дейді Ұлжан апай.
Ұйымшыл, еңбекқор, қарапайым отбасының ел сүйсінтер тірлігін көріп, көңіліміз толды. Кей отбасына барсаң, қанша жерден бай, дүние-мүлкі келісіп тұрса да бір-біріне деген дөрекі қарым-қатынасын, менмендіктерін, яғни рухани кедейлігіне қарап қарның ашады.
Отбасының берекесі жиюлы тұрған қымбат жүгімен емес, бір-біріне деген шынайы ықыласымен, сыйластығымен кіреді. Әр нәрсенің қадірін біліп, сыйласып, адал еңбекпен жарасымды өмір сүргенге не жетсін!
Еңбекқор отбасына кетерде еңбектері жанып, Алладан тілеген арман-тілектеріне жетулеріне шын жүректен тілектестігімізді білдірдік.
Перизат Шымыртайқызы,
Жуалы ауданыjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
ХХ ғасыр басында Әулиеатада қанша мектеп болды?
Ұқсас жаңалықтар
Ақша айырбастау пункттерінде доллар 520 — 527 теңгеден саудаланып жатыр
- авторМағжан Орынбасар
- 17 желтоқсан, 2024