Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан "Қамбар ата" су электр станциясын бірге салады
- авторИндира Тәліпқызы
- 17 сәуір, 2024
- 592
Келісімде су электр станциясы құрылысын жүзеге асыру және оны пайдалану барысында тараптардың әріптестік шарттары анықталады. Құжатқа сәйкес, "жоба аясында тараптар арасында әріптестіктің негізгі принципі "Қамбар-Ата – 1" су станциясында өндірілетін электр энергиясының барлық көлемін тараптар анықтаған ұйымдардың сатып алуы" болмақ. Тараптар өзара келісе отырып, су электр станциясын басқарады.
Жобаны жүзеге асыру үшін Қырғызстан аумағында акционерлік қоғам құрылады. Қырғызстан 34 пайыз, Қазақстан мен Өзбекстан 33 пайыз үлеске ие болады. Компания құрылтайшысын әр тарап өз бетінше анықтайды.
Жобаны жүзеге асыру мерзімі аяқталған соң "Қамбар ата" станциясының акциялары мен активтері толықтай Қырғызстан меншігіне өтеді. Келісімге Бішкекте қол қойылады деп жоспарланған. Қырғызстан "Қамбар ата-1" станциясының құрылысын 2022 жылғы маусымда бастаған. Жобаның алғашқы кезеңіне 20 миллион доллардай бөлінген. Мәліметтерге қарағанда, ГЭС құрылысына 2,9 млрд доллар қажет.
"Қамбат ата – 1" су электр станциясын салу жобасы аясында биіктігі 256 м болатын бөгет, қуаттылығы 1860 мегаватт болатын, сағатына 5,6 млрд кВт электр энергиясын өндіретін станция, сыйымдылығы 5,4 млрд текшеметр болатын су қоймасын салу көзделген. Құрылыс 10 жыл ішінде аяқталуы керек.
Былтыр үш ел "Қамбат ата" станциясын салу бойынша жол картасын дайындаған.
Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Кәрімов кезінде "Қамбар ата" станциясының құрылысына қарсы шыққан. Ол мұндай жобаны жүзеге асыру Орталық Азия экологиясына кері әсер етеді деп есептеген.