Қазақстанда сәбіз, ұн, сүт, күріш, тұз бен қант арзандап жатыр
Соңғы алты айда олардың бағасы 0,1 пайызға төмендеген
Вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты жағдайдың қорытындылары талқыланды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Primeminister.kz сайтының жазуынша, жарты жылда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақты түрде арзандаған: маусымда орташа баға индексі 0,3%-ға, ал жыл басынан бері жалпы 0,2%-ға төмендеді. Дереккөз баға қазір де төмендеп жатыр дейді.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, кейінгі аптада бағалар орташа тағы 0,1%-ға төмендеген. Әсіресе, 9 тауар бойынша: сәбіз (1,5%), қарақұмық жармасы (0,8%), ұн (0,7%), сүт (0,5%), тауық еті (0,2%), күріш, сиыр еті, тұз және қант (0,1%).
Бағаның төмендеуі 10 облыста байқалады. Айтарлықтай төмендеу Маңғыстау облысында (0,4%) және Павлодар облысында (0,3%) байқалған.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков өңірлердегі ерте пісетін өнімдерге келісімшарт жасау барысын баяндады. Қазіргі уақытта әкімдіктер маусым-шілде айларына ерте пісетін көкөністерге 37 мың тонна көлемінде форвардтық келісімшарттар жасасты.
Вице-министр 1 тамызға дейін өңірлер күзгі өнімді форвардтық сатып алу аясында ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржыландыру қажеттігін, фермерлердің жеңілдетілген қаражатты уақытылы алуын қамтамасыз ету керек екенін атап өтті.