Экономика

Қазақстандықтар несиені жиі ала бастады

Қазақстандықтар несиені жиі ала бастады

Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, 2020 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша еліміздегі қаржы институттары 14,6 трлн теңгеге несие рәсімдеген.

2019 жылдың дәл сол уақытындағы рәсімделген несие көлемі 13,6 трлн теңгені құраған болатын.

Осылайша, берілген несие көлемі 1 трлн теңгеге дейін, пайызға шаққанда 7,1 пайызға өскен. Оның ішінде заңды тұлғалар 7,28 трлн теңге алса (бір жылда 2,4 пайызға көп), жеке тұлғалар (жеке кәсіпкерлерді қоса есептегенде) 7,36 трлн теңге (бір жылда 12,3 пайызға көп) несие рәсімдепті.

Өңірлер бөлінісіне келер болсақ, ең көп несие алған аймақтар көшін Алматы бастайды. Еліміздегі ең ірі қаржылық орталық тұрғындары 6,8 трлн теңге несие алған. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласы (1,9 трлн теңге) және Қарағанды облысы (740,1 млрд теңге) тұр. Ал Шымкент 641,4 млрд, ШҚО 628,8 млрд, Атырау облысы 489,6 млрд, Ақтөбе облысы 449,4 млрд, Маңғыстау облысы 418,7 млрд, Павлодар облысы 414 млрд, Қостанай облысы 364,4 млрд, БҚО 342,2 млрд, Алматы облысы 308,5 млрд теңге несие алған.

Несие алуға деген құлшынысы төмен аймақ ретінде Қызылорда облысын атауға болады. Сыр өңірі 287,8 млрд теңгеге займ алған. Әрине, одан да төмен өңірлер бар. Мәселен, Жамбыл облысы 277,3 млрд, Ақмола облысы 239,4 млрд, СҚО 183 млрд және Түркістан облысы 129 млрд теңге көрсеткішімен соңғы орындарға жайғасқан.

Несиені алу бар да қайтару бар. Finprom.kz дерегі бойынша, екінші деңгейлі банктердің қарыз портфелі 15,41 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Оң жағдайдағы өсімге барлық банктер қол жеткізе алмаған. Тек 26 банктің 15-інің ғана хал-ахуалы жақсы. Олардың көшін Halyk Bank бастап тұр. Ал қайтарылмау мерзімі 90 күннен асып кеткен (NPL 90+) несие көлемі 2020 жылдың басынан бері 48,5 млрд теңгеге көбейіп, 1,25 трлн теңгеге жеткен. Несиелік портфелін ұлғайтқан 15 банктің тек бесеуі ғана NPL 90+ деңгейін төмендете алған.

egemen.kz