Экономика

Балық – байлық

Балық – байлық

Биыл балық шаруашылығына айрықша көңіл бөлінді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен су айдындарына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, форель сынды ерекше балық түрлерін өсіретін орындар айқындалуда. Сондай-ақ өзендердің бойынан тоған салу мәселесі де көтеріліп, балық шаруашылығын субсидиялау қолға алына бастады. Мұндай бастамалар балық шаруашылығының тынысын ашып, көкжиегін кеңейтетіндігі даусыз.

Жалпы, бүгінде облыс аумағында жергілікті маңызы бар 122 балық шаруашылығына бағытталған су айдыны болса, Балқаш көлінде республикалық маңыздағы 18 учаске орналасқан. Оның 85-і кәсіптен нәсіп табам деген 74 табиғат пайдаланушыға берілсе, қалған 37-сі әзірге бос. – Ағымдағы жылдың тамыз айында резервтік қордағы 13 балық шаруашылығы су айдындарын бекітіп беру конкурсы өткізілді. Оған 18 кәсіпкерден 20 өтінім түсіп, нәтижесінде 5 кәсіпкерге 5 балық шаруашылығы су айдыны берілді. Алдағы уақытта қалған су айдындарына конкурс жарияланатын болады. Биыл балық шаруашылығы су айдындарында 15 ақпан мен 1 шілде аралығында балық аулау үшін 673,3 тонна лимит берілді. Нәтижесінде 666 тонна балық ауланып, жергілікті бюджетке 11 миллион 943 мың теңге түсім түсті. Ал ағымдағы жылдың 1 шілдесінен 2021 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзім аралығында балық аулауға 1150,7 тонна лимит қаралса, қазіргі таңда оның 915,3 тоннасы ауланды. Қазынаға түскен қаржы 16,3 миллион теңге. Осылайша балықтан да келер байлық көп екеніне көз жетіп отыр, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жануарлар дүниесін қорғау және балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Балтаев. Десе де бүгінде су айдындарын ағын сумен қамтуда өзіндік кемшіліктер де бар. Мамандар осы жағына алаңдаулы. – Басқарма облыстағы барлық су айдындарын сумен қамтамасыз етілуін зерделеп шықты. Нәтижесінде 121 су айдынының тек 17-сінде ғана су деңгейі тұрақты екендігі анықталды. Біз облысымыздағы балық шаруашылығы су айдындарын сумен тұрақты қамтамасыз етпесек, келешекте балық шаруашылығын дамыту қиынға соғады. Бұл табиғи су қоймаларында өсірілген балықты аулау квотасын көтеруде де қиындықтар туғызады, – дейді Р.Балтаев. Сол себепті басқарма биыл жеке тоғанда интенсивті балық өсіру шаруашылығын дамыту тәжірибесін қолға алуда. Бұл әдістің ерекшелігі – кәсіпкер өзінің жеріне тоған салып, балық өсіреді. Жем, шабақ, аналық балық пен құрал-жабдық сатып алу мемлекет тарапынан субсидияланады. Сондай-ақ кәсіпкерден тоғанды алып қою қаупі де туындамайды. Мәселен Жамбыл ауданы Жасөркен ауылындағы жеке кәсіпкер Р.Сауранбаев өзінің жекеменшік жеріне тоған салып, жылына 30 тоннаға дейін балық өндіріп отыр. Оның үстіне тоған жағалауына демалатын орын салып, кәсібін де дөңгелетуде. Осы үрдіс негізінде биыл облыс әкімінің тапсырмасына сай тауарлы балық өсіру кәсібін өрістету жолға қойылуда. Арнайы құрылған топ Қордай, Шу және Мойынқұм аудандары арқылы өтетін Шу өзені мен Жамбыл, Байзақ аудандарын бойлай ағатын Талас өзенінің арнасына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тоған жасауға жарамды 24 жер учаскесін анықтаған. Мұндағы жұмыстар жолға қойылса тоғандардан 262,8 тонна тауарлы балық өсіруге мүмкіндік тумақ. Сондай-ақ биыл тау бөктерлеріндегі салқын суларда форель балығын өсіру бойынша да қарқынды жұмыстар қолға алынды. Форель балығын өсіруге қолайлы өзендерді анықтауға және резервтік қордағы балық шаруашылығы су айдындарына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 29,5 миллион теңге бөлініп, конкурс жеңімпазы «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл бағыттағы тірлікке мықтап кірісуде. Серіктестік Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарының тау бөктерлеріндегі 22 тау өзендеріне және 36 балық шаруашылығы су айдындарына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тау өзендерінің 17-сі, балық шаруашылығы су айдындарының 32-сі форель балығын өсіруге қолайлы екенін анықтап отыр. Бұйыртса бұл жұмыстардың жемісін көретін күн алыс емес. Су айдындарында балық санын көбейту үшін бірінші балықтандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу керектігі де түсінікті. Бұл бағытта күзгі балықтандыру қарқынды іске асуда. Әрбір балық шаруашылығы су айдынындағы балықтандыру жұмысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бақылауына алынып, жылына 10 миллион шабақ өсіруге мүмкіндігі бар «Сандель» шаруа қожалығынан шабақ алынуда. Осы арқылы жыл басынан бері жергілікті маңызы бар 41 су айдынына 325 мың тұқы және ақ амур тұқымдас балық жіберілген. Ал республикалық су айдындарына 290 мың шабақ босатылған. Енді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы балық шаруашылығымен айналысып отырған мекемелерді білікті мамандармен қамту мәселесіне баса көңіл аударып отыр. Ол үшін жастар Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауыл шаруашылық колледжіне балық өсіру саласы бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына жолдануда. Аталған қысқа мерзімді курста оқуға 15 адам өтінім берсе, оларды жұмыспен қамтуға «Brilliance Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Боранды», «Сандель», «Қойшыбай-Ата», «Абылай», «Өрлеу» және «Хе В.» шаруа қожалықтары ниет танытуда.

Міне, осылайша облыс басшылығы балық шаруашылығын дамытуға баса көңіл аударып, азаматтардың бұл бағытта кәсіп ашуына да жол көрсетуде. Енді тек мемлекет тарапынан беріліп отырған субсидияны тиімді пайдаланып, балық шаруашылығын жаңа белеске шығару қажет. Сонда облыс әкімі Бердібек Машбекұлы межелеген 2030 жылға қарай балық өндірісін екі-үш есеге арттыруға мүмкіндік тумақ.

 

Саян Тілеужан